Заң мен тәртіп — бала қауіпсіздігінің басты шарты

Бүгін ауданға қарасты Шаған ауылдық округіндегі №37 орта мектебінде аудандық прокуратура, аудан әкімдігі және төтенше жағдайлар бөлімінің жауапты өкілдерінің қатысуымен «Қауіпсіз жазғы демалыс» тақырыбында арнайы кездесу өтті. Тағылымдық іс-шараның негізгі мақсаты – жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтық сауаттылығын арттыру және түрлі құқық бұзушылықтар мен жазатайым жағдайлардың алдын алу.
Кездесу Мемлекет басшысы бастамашы болған «Заң мен Тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды. Жиынға оқушылар, ата-аналар, ұстаздар және сала мамандары қатысып, жасөспірімдердің қауіпсіздігіне қатысты өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.
Шара барысында жауапты сала өкілдері жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырудың маңыздылығына тоқталып, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың қоғам үшін аса қажетті екенін атап өтті.

Кездесуде жасөспірімдердің құқықтық жауапкершілігі, қоғамдық орындардағы тәртіп сақтау, түнгі уақыттағы шектеулер, интернет қауіпсіздігі, сондай-ақ су айдындарындағы сақтық шаралары жөнінде жан-жақты түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар оқушыларға зиянды әдеттердің, оның ішінде есірткі мен түрлі психобелсенді заттардың адам денсаулығына тигізетін зияны туралы айтылып, олардың болашағына кері әсері түсіндірілді. Мамандар жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, спорт пен білімге көңіл бөлу маңызды екенін жеткізді.
Жиында буллинг пен кибербуллинг мәселесі де кеңінен қозғалды. Қазіргі таңда әлеуметтік желілер арқылы жасалатын психологиялық қысым мен интернеттегі әлімжеттік жағдайларының салдары туралы нақты мысалдар келтіріліп, оқушыларға мұндай жағдайларда қайда жүгіну қажеттігі түсіндірілді.
Бұдан бөлек, ата-аналарға бала тәрбиесі мен қауіпсіздігі тек мектептің немесе құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екені ескертілді. Баланың бос уақытын бақылау, қауіпсіз орта қалыптастыру және олардың психологиялық жағдайына көңіл бөлу – ата-ананың басты жауапкершілігі екені айтылды.
Кездесу барысында төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары суға шомылу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, рұқсат етілмеген жерлерде суға түспеу қажеттігін ескертті. Сонымен қатар өрт қауіпсіздігі, күннің ыстығында сақтық шараларын сақтау және төтенше жағдай туындағанда әрекет ету жолдары жөнінде кеңестер берілді.
Шара соңында қатысушылар мұндай кездесулердің оқушылардың құқықтық санасын қалыптастыруда, олардың жауапкершілігін арттыруда және қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін дамытуда маңызы зор екенін атап өтті.
Жалпы, «Қауіпсіз жазғы демалыс» тақырыбындағы кездесу балалардың жазғы уақытын қауіпсіз әрі пайдалы өткізуге бағытталған маңызды профилактикалық шаралардың бірі болды. Себебі тәртіп пен заң сақталған жерде ғана қауіпсіздік пен тұрақтылық қамтамасыз етіледі.







