Президент саябағындағы инфрақұрылымдық жобалардың құрылысы қарқын алды

Облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов пен қала әкімі Нұржан Ахатов «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаевқа Қызылорда қаласында қайта жаңғыртылып, жаңа келбетке енген Президент саябағын және саябақ аумағында жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобаларды таныстырды. Кездесу барысында аймақта тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар кеңінен сөз болды.
Бүгінде Президент саябағы облыс орталығындағы ең ірі әрі заманауи демалыс орындарының біріне айналып келеді. Жалпы аумағы 31 гектарды құрайтын жаңа саябақта тұрғындардың жайлы демалуына, спортпен айналысуына және бос уақытын тиімді өткізуіне барлық жағдай жасалған.

Саябақ аумағында заманауи субұрқақтар, кең амфитеатр, балаларға арналған ойын алаңдары, спорт, би, шахмат, баскетбол және футбол алаңдары орналасқан. Сонымен қатар тұрғындардың қызығушылығын арттыратын биіктігі 50 метрлік айналмалы шолу дөңгелегі орнатылып, велосипед және жүгіру жолақтары салынған. Демалушылардың қауіпсіздігі мен қолайлылығы үшін санитарлық пункттер де қарастырылған.
Жасыл желекті көбейту және экологиялық ортаны жақсарту мақсатында саябақ аумағына 2 мыңнан астам ағаш көшеті, 50 мыңнан астам сәндік бұта және 17 түрлі көпжылдық гүл егілген. Бұл жұмыстар қаланың экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, тұрғындарға ерекше эстетикалық көрініс сыйлауда.
Саябақ аумағын тиімді пайдалану және оны толыққанды қоғамдық кеңістікке айналдыру мақсатында мұнда бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, 6 гектар аумақта 300 орындық заманауи балалар лагері салынуда. Сонымен бірге 2,4 гектар жерге Ботаникалық білім беру орталығының құрылысы жүргізілуде. Ал 8,2 гектар аумақта тоғыз қабатты 15 тұрғын үй бой көтеруде.
Бұдан бөлек, аймақта әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мақсатында 200 төсектік жаңа перинаталдық орталық пен заманауи Президенттік кітапхананың құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Бұл нысандар өңір тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуге және әлеуметтік саланың әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды жобалар саналады.
Қазіргі таңда көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырып отырған нысандардың бірі – балалар тынығу лагері. Жаңа лагерь жеткіншектердің сапалы демалуына, шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытуға, сондай-ақ оларды салауатты өмір салтына баулуға бағытталған.
Лагерь аумағында заманауи спорт кешені, балалар мен тәрбиешілерге арналған тұрғын блоктар, мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастыруға арналған арнайы event-аймақ, ұлттық нақыштағы 5 киіз үй, ашық бассейн, ойын алаңдары және амфитеатр орналасады. Ең бастысы, бұл лагерь тек жаз мезгілінде ғана емес, жыл он екі ай бойы жұмыс істейтін болады.
Құрылыс жұмыстары бүгінде қарқынды жүргізілуде. Жаңа нысанды 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Жалпы, Президент саябағы аумағында жүзеге асырылып жатқан жобалар Қызылорда қаласының сәулеттік келбетін жаңартып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, заманауи әрі жайлы қоғамдық кеңістік қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып саналады.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі







