Мәдениет – ұлт руханиятының алтын арқауы: Аудан әкімі мәдениет қызметкерлерін құттықтады

15

Аудандық «Руханият» орталығында аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы Сәрменбаевтың қатысуымен мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған «Өнер құдіреті – мәңгілік» атты салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға мәдениет саласының ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, өнер майталмандары, шығармашылық ұжымдар және аудан тұрғындары қатысты.

Мерекелік шара қарсаңында ауданның мәдениет саласындағы жетістіктерін насихаттайтын арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрмеде мәдени-көпшілік іс-шаралар мен концерттік бағдарламалардан фотосуреттер, өнер ұжымдарының шығармашылық жетістіктері, мәдениет қызметкерлерінің түрлі жылдары иеленген марапаттары мен дипломдары қойылып, көпшілік назарына ұсынылды. Қонақтар мәдениет саласының даму тарихымен және жетістіктерімен кеңінен танысты.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы мәдениет пен өнер қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың ұлт руханиятын дамытудағы және мәдени мұраны сақтаудағы еңбектеріне жоғары баға берді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып біледі. Біз – Ұлы далада тамыр жайған бірегей мәдениеттің заңды мұрагеріміз» деп атап өткен болатын. Расында да, мәдениет – халықтың рухани болмысының негізі, ал өнер – ұлттың мәңгілік мұрасы.

Бүгінде Сыр өңірінде мәдениет пен руханиятты дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Барлық аудандарда бой көтерген «Руханият» орталықтары ұлттық құндылықтарды дәріптейтін маңызды мәдени ошақтарға айналды. Облыс орталығында «Анаға тағзым» орталығы, «Отбасы орталығы», 1000 орындық «Өнер» орталығы, «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжі, облыстық тарихи-өлкетану музейі мен «Достық үйі» халық игілігіне пайдалануға берілді.

Сонымен қатар өңірде симфониялық оркестр, жастар театры, инклюзивті театр, заманауи би және хор ұжымдары құрылып, Жыраулар үйі ашылды. Өнер және мәдениет саласының үздіктеріне арналған «Тұран» сыйлығының табысталуы да шығармашылық иелеріне көрсетіліп отырған қолдаудың айқын көрінісі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңа драма театры мен Президенттік кітапхана құрылысының жүргізілуі мәдениет пен руханият саласына жасалған зор қамқорлықтың дәлелі.

Мәдениет қызметкерлері – ұлттық құндылықтарды ұлықтап, рухани мұраны болашақ ұрпаққа жеткізетін маңызды буын. Сондықтан сіздердің еңбектеріңіз әрдайым құрметке лайық. Баршаңызға шығармашылық шабыт, толағай табыс және жаңа жетістіктер тілеймін, – деді аудан басшысы.

Мерекелік шара барысында мәдениет саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар қызметкерлер облыс және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен, облыс әкімінің орынбасарының және «Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Сондай-ақ мәдениет саласында ұзақ жылдар жемісті еңбек етіп, руханиятты дамытуға сүбелі үлес қосқан азаматтарға «Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің «Еңбек даңқы» төсбелгісі мен аудан әкімінің «Мәдениет жанашыры» төсбелгісі табысталды.

Салтанатты жиын аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты. Кеш барысында ән мен күй шырқалып, көркем шығармалар орындалып, көрермендерге ерекше әсер мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Тағылымы мол мерекелік шара мәдениет пен өнердің қоғамдағы маңызын айқындап, сала қызметкерлерінің еңбегіне көрсетілген құрметтің жарқын көрінісі болды.

Advertisements