Мәдениет саласы қызметкерлері күні сән-салтанатымен тойланды

33

Бүгін аудандық мәдениет үйінде 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай «Мәдениет – ұлттың мәйегі» атты салтанатты мерекелік кеш жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Аталған мерекелік іс-шара биыл ерекше мазмұндық форматта өтіп, ұлттық өнер мен руханиятты ұлықтауға бағытталған ауқымды мәдени жоба – «ХАЛЫҚ ӘУЕНІ» концерттік-гастрольдік турымен ұштастырылды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен, Halyk Bank демеушілігімен жүзеге асырылып жатқан бұл жоба ұлттық музыкалық мұраны жаңғыртуға, халықтың рухани құндылықтарын заманауи сахна мәдениетімен үйлестіруге бағытталған.

«ХАЛЫҚ ӘУЕНІ» жобасы халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі музыка өнерін кеңінен насихаттап, оны жаңа форматта көрерменге ұсынуды мақсат етеді. Жоба аясында министрлікке қарасты жетекші шығармашылық ұжымдар еліміздің 17 өңірін қамтитын гастрольдік сапар ұйымдастыруда.

Ауданымыздағы концерттік бағдарламаның ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстары Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы тарапынан жүзеге асырылды. Бұл бастама өңірдің мәдени өміріне жаңа серпін беріп, көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады.

Салтанатты кеш барысында аудан әкімінің орынбасары Нұрмұхамед Бохаев және облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Күлбаев сөз сөйлеп, мәдениет және өнер саласы қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. Олар мәдениет – ұлттың рухани өзегі, елдің тарихи жады мен болмысын айқындайтын маңызды құндылық екенін атап өтіп, сала мамандарының өңірдің рухани дамуына қосып отырған үлесін ерекше бағалады.

Мерекелік іс-шара аясында ауданның мәдениет саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар қызметкерлер облыс және аудан әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары мен Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының атынан да марапаттар табысталды.

Кештің көркемдік бөлігінде «ХАЛЫҚ ӘУЕНІ» жобасы аясында «Astana Musical» мемлекеттік театрының «Мюзикл әлемі» атты концерттік бағдарламасы ұсынылды. Өнерпаздар классикалық және заманауи жанрдағы шығармаларды орындап, көрерменге жоғары деңгейдегі мәдени әсер сыйлады. Әсіресе, дәстүрлі халық әндері мен әлемдік музыкалық жауһарлардың орындалуы көпшіліктің ерекше ықыласына бөленді.

Мерекелік кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Нұрмұхамед Омарұлы Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымына аудан жұртшылығы атынан шынайы алғыс білдіріп, аудан әкімінің арнайы Алғыс хатын табыстады.

Өз кезегінде ұйымның ресми өкілі Ержан Алданазаров жергілікті әкімдік пен аудан тұрғындары тарапынан көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, мұндай қолдаудың шығармашылық ұжымдар үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

Осылайша, мәдениет саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ұлттық өнерді ұлықтаған мазмұнды рухани кешпен түйінделіп, көпшілікке ерекше әсер қалдырды.

Advertisements