СЫРДАРИЯДА МУЗЕЙ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КӘСІБИ МЕРЕКЕСІ ЖӘНЕ АУДАНДЫҚ МУЗЕЙДІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫ АТАЛЫП ӨТТІ

Аудандық «Руханият» орталығында Музей қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне және Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейінің құрылғанына 30 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті. Тағылымы мол мерекелік жиынға аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы Сәрменбаев, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нұрмат Мансұр, аудандық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының ардагерлері, музей қызметкерлері және аудан тұрғындары қатысты.


Мерекелік шара басталар алдында қонақтар мен қатысушылар ұлттық қолөнерді дәріптеуге бағытталған «Қолөнер FEST» көрмесін тамашалады. Көрмеде аудан қолөнершілерінің туындылары қойылып, ұлттық өнердің үздік үлгілері көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар, «Құмыра ART» шығармашылық көрмесі мен аудандық музейдің 30 жылдық тарихына арналған «30 жылға – 30 жәдігер» экспозициясы таныстырылып, музей қорындағы құнды жәдігерлер көрермендерге кеңінен насихатталды.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы музей қызметкерлерін кәсіби мерекемен және аудандық тарихи-өлкетану музейінің мерейтойымен құттықтап, олардың ұлт тарихы мен мәдени мұрасын сақтаудағы еңбектеріне жоғары баға берді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Халықтың тарихи жадын сақтау – ұлттың рухани тұтастығын нығайтудың басты кепілі» деп атап өткен болатын. Расында да, музей – өткен мен бүгінді жалғайтын алтын көпір. Сіздер күнделікті еңбектеріңіз арқылы халқымыздың бай тарихи мұрасын жинақтап, зерттеп, сақтап қана қоймай, оны кейінгі ұрпаққа насихаттап келесіздер.
Бүгінде музейлер тек жәдігер сақтайтын орын ғана емес, ғылыми-ағартушылық және мәдени-танымдық орталықтарға айналып отыр. Заманауи технологияларды енгізу, цифрландыру жұмыстарын жүргізу, жаңа форматтағы көрмелер ұйымдастыру арқылы музейлердің қоғамдағы маңызы арта түсуде.
Аудандық тарихи-өлкетану музейі – Сырдария өңірінің шежірелі тарихын сақтап отырған маңызды мәдени ошақтардың бірі. Бүгінде музей қорында көне дәуірден бастап бүгінгі күнге дейінгі кезеңдерді қамтитын 12 мыңнан астам құнды экспонат сақтаулы. Ондағы еңбек құралдары, тұрмыстық бұйымдар, тарихи құжаттар, сирек фотосуреттер мен ұлттық қолөнер туындылары ауданның өткені мен бүгінінен сыр шертеді.
Өткен жылы аудандық музейдің жаңадан салынған «Руханият» орталығына қоныс аударуы – мәдениет саласын дамытуға бағытталған маңызды қадам болды. Бұл орталық ұлттық құндылықтарды дәріптеп, тарихи мұраны насихаттайтын және халықтың рухани сұранысын қанағаттандыратын бірегей кешенге айналып отыр. Мұндай қолдау – мәдениет пен руханият саласына көрсетіліп отырған ерекше қамқорлықтың көрінісі.
Музей қызметкері болу – үлкен жауапкершілік. Ұлттың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін және рухани құндылықтарын сақтау жолындағы еңбектеріңіз қашанда құрметке лайық. Осы бағыттағы адал қызметтеріңіз бен қажырлы еңбектеріңіз үшін баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді аудан әкімі.
Мерекелік шара барысында музей саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар қызметкерлер аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Олардың мәдени мұраны сақтау мен насихаттаудағы еңбектері ерекше аталып өтті.
Өз кезегінде Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нұрмат Мансұр сөз сөйлеп, музей қызметкерлерін мерекемен құттықтады. Ол аудандық музейдің өңір тарихын зерттеу мен насихаттаудағы жетістіктеріне тоқталып, мәдениет саласына сіңірген еңбегі үшін бірқатар сырдариялықтарға Алғыс хаттар табыстады.
Мерейтойлық шара аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты. Концерт барысында ұлттық және заманауи әндер орындалып, көркем шығармалар оқылып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Айта кету керек, Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейінің 30 жылдық мерейтойы – тек мәдениет саласы қызметкерлерінің ғана емес, аудан жұртшылығының ортақ мерекесі. Өйткені музей – халықтың тарихи жады мен рухани мұрасын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін құндылықтар ордасы болып қала береді.







