Оқу жылының аяқталуы мен жазғы демалысты ұйымдастыру мәселелері қаралды

30

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте оқу жылының аяқталуы және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері қаралды. Аймақ басшысының мәжілісте берген тапсырмаларына сәйкес аудан әкімі Алмасбек Есмаханов арнайы аппарат мәжілісін өткізіп, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

Биыл Қазалы ауданындағы 37 мектепте 2025–2026 оқу жылын барлығы 16 701 оқушы аяқтап отыр. Ал 11 сыныпты 1015 оқушы бітіруде. Оның 943-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, 116 оқушы «Үздік аттестатқа», 99 оқушы «Алтын белгіге» үміткер атанып отыр. Ал биыл ауданда 14 975 оқушы, яғни білім алушылардың 95,2 пайызы жазғы демалыс шараларымен қамтылмақ.

Мәжілісте аудан әкімі аудандық білім бөлімінің басшысына оқу жылының аяқталуына байланысты аттестат табыстау рәсімдерін және Ұлттық бірыңғай тестілеуді жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырды. Сонымен қатар мектеп бітіру іс-шараларында ысырапшылдық пен даңғазалыққа жол бермеу, ата-аналардан қаражат жинауды болдырмау, аниматорлар мен мерекелік агенттіктерді тартпау, мұғалімдерге сыйлық жинауға тыйым салу қажеттігін қатаң ескертті.

Аудандық полиция бөлімімен бірлесіп, оқушылардың кортеж ұйымдастыруына және жалға алынған көліктермен бей-берекет жүруіне жол бермеу бойынша тиісті шаралар қабылдау міндеттелді.

Аудан басшысы балалардың жазғы демалысын қауіпсіз әрі мазмұнды ұйымдастыру мәселесіне де ерекше тоқталды. Осыған байланысты «Шағала» балаларды сауықтыру орталығы мен мектеп жанындағы лагерьлердің жаңа маусымға толық дайын болуы, балалардың бос уақытын тиімді өткізу, мәдени-көпшілік және спорттық іс-шараларды көбейту, лагерьлердегі азық-түлік сапасы мен санитарлық талаптарды күшейту, балаларды тасымалдау кезіндегі жол қауіпсіздігін сақтау және суға шомылу маусымындағы қауіпсіздік шараларын қатаң бақылау тапсырылды.

Мәжілісте көктемгі мерзімді әскерге шақыру науқанының орындалу барысы да қаралды. Жоспар көрсеткіштері төмен ауылдық округ әкімдерінің есептері тыңдалып, шақыру жұмыстарын жандандыру қажеттігі айтылды. Сонымен қатар әскери қызметтен жалтарып жүрген азаматтарға қатысты заң аясында тиісті шаралар қабылдау жөнінде нақты міндеттер жүктелді.

Бұдан бөлек «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясындағы санитарлық тазалық және көркейту-көгалдандыру жұмыстарының барысы да талқыланды. Мониторинг нәтижесінде анықталған кемшіліктер сараланып, кент, қала және ауылдық округ әкімдеріне елді мекендердің тазалығын қамтамасыз ету, бей-берекет қоқыс орындарын жою, абаттандыру жұмыстарын күшейту және орындалуын тұрақты бақылауда ұстау жөнінде тапсырмалар берілді.

Advertisements