Оқу жылының қорытындысы мен жазғы демалысты ұйымдастыру мәселелері талқыланды

13

Аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы Сәрменбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, онда оқу жылының аяқталуы, балалардың жазғы демалысын қауіпсіз әрі мазмұнды ұйымдастыру және санитарлық тазалық мәселелері қаралды. Жиынға дербес бөлім басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері мен жауапты сала мамандары қатысты.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті сала басшыларының баяндамалары тыңдалып, аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстардың барысы сараланды. Мәжіліс барысында аудан басшысы балалардың қауіпсіздігі мен олардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мәселесіне ерекше назар аударды.

Биыл аудан бойынша 8149 оқушы оқу жылын аяқтайды. Оның ішінде 584 оқушы мектеп бітірсе, 505 түлек ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуда. Сонымен қатар 53 оқушы «Алтын белгіге», ал 70 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер болып отыр.

Осыған байланысты аудан әкімі аудандық білім бөліміне мектеп бітірушілерге аттестат тапсыру рәсімдерін жоғары деңгейде ұйымдастыруды және ұлттық бірыңғай тестілеудің талапқа сай өткізілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар мектеп бітіру кештерін ұйымдастыру кезінде заң талаптарының қатаң сақталуы қажеттігін атап өтті.

– Білім беру ұйымдарында барлық іс-шаралар тәртіп пен қауіпсіздік талаптарына сай өткізілуі тиіс. Ата-аналардан қаражат жинауға, мұғалімдер мен мектеп әкімшілігіне сыйлық алуға мүлде жол берілмеуі қажет. Бұл мәселе тұрақты бақылауда болады. Сонымен бірге оқушылардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлініп, түрлі келеңсіз жағдайлардың алдын алу шаралары күшейтілуі тиіс, – деді аудан басшысы.

Мәжілісте аудандық полиция бөлімімен бірлесіп, мектеп бітіруші түлектердің автокортеж ұйымдастыруына, жалға алынған көліктермен экскурсияларға шығуына жол бермеу және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы бақылауды күшейту міндеттелді.

Жиында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесі де кеңінен талқыланды. Аудан басшысы «Жалын» тынығу лагері мен мектеп жанындағы лагерьлердің жаңа маусымға толық дайын болуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді. Балалардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында мәдени-көпшілік, спорттық және танымдық іс-шараларды көбейту қажеттігі айтылды.

Сонымен қатар лагерьлердегі санитарлық талаптардың сақталуы, азық-түлік өнімдерінің сапасы, медициналық қызмет көрсету деңгейі және балалардың қауіпсіздігі ерекше бақылауда болуы тиіс екені атап өтілді. Балаларды тасымалдау кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау, сондай-ақ шомылу маусымында су айдындарындағы қауіпсіздік шараларын күшейту жөнінде жауапты мекемелерге нақты міндеттер жүктелді.

Мәжілісте Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясындағы жұмыстардың жай-күйі де қаралды. Елді мекендердегі санитарлық тазалықты сақтау, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу мәселелері талқыланып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

Аудан әкімі елді мекендердің тазалығы мен көркеюі тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететінін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстарды тұрақты негізде жүргізу қажеттігін жеткізді.

Мәжіліс қорытындысында күн тәртібінде қаралған барлық мәселелер бойынша жауапты мекемелер мен сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеліп, олардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстау міндеттелді.

Advertisements