“Поэзия гладиаторы” Ш.Әбдікәрімов – 70 жаста!

106

Бүгін ақын, қаламгер, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Шаһизада Әбдікәрімовтың 70 жасқа толу мерейтойына арналған «ПОЭЗИЯ ГЛАДИАТОРЫ» атты шығармашылық кеш өтті.

Кеште мерейтой иесінің шығармашылық жолы мен телевизия саласындағы еңбегін қамтыған бейнеролик көрсетіліп, ақынның таңдаулы жырлары оқылды.

Шаһизада Әбдікәрімовты мерейтойымен Қызылорда облысының әкімі Мұрат Нәлқожаұлы Ергешбаев құттықтап, ақынның еліміздің әдебиеті мен мәдениетіне қосқан үлесін атап өтті.

Мерейтой иесіне Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың арнайы құттықтауы табысталып, Қызылорда облысының Құрмет грамотасы және «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалі тапсырылды. Сыр жұртшылығы атынан шапан жабылып, ТЕМІР ТҰЛПАРДЫҢ кілті табысталды.

Шығармашылық кешке Қазақстан Республикасының Құрылтай депутаттары Қожаниязов Серік Салауатұлы, Байманов Шахмардан Асқарұлы, Нұркен Бақытбекұлы, Тен Ирина Сергеевна, Ералиев Мағжан Абзалұлы және еліміздің әр өңірінен, Қырғызстаннан арнайы келген зиялы қауым өкілдері қатысты.

Мерейтой аясында ақынның «Жасампаз», «Жүрекжарды», «Ақмешіт», «Гладиатор» атты кітаптарының тұсауын «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Аңсат Саби Әбдіқадірұлы, ақын, аудармашы, зерттеуші, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Байбота Серікбайұлы, ақын, мемлекет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қазыбек Жарылқасынұлы Иса, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Ғалым Жайлыбай, қырғыз ақыны, аудармашы, Қырғыз Республикасының халық жазушысы Қарбалас Бакиров, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бүркіт Базарбаев, ақын, аудармашы Махаббат Молдалиева кесті.

Кеш барысында ақын өз өлеңдерін оқып, жас ақындар мен өнерпаздар мерейтой иесіне шығармашылық тартуларын ұсынды. Сондай-ақ Шаһизада Әбдікәрімовтың сөзіне жазылған Рамазан Таймановтың «Баһадүр баба» және «Сыр Ана» әндері орындалып, поэзия мен ән өнерінің үндестігі көрініс тапты.

Сырдың дархан топырағынан нәр алып, жырдың асыл мұрасын ұлықтап келе жатқан қадірлі қаламгердің мерейтойы туған жер төрінде осылайша рухқа толы, ерекше әсерлі өтті. Ақынның жүрек түкпірінен қайнап шыққан өшпес өлеңдері мен парасатты поэзиясы әлі талай ұрпаққа рухани азық болып, мәңгі жасай берері сөзсіз. «Поэзия гладиаторының» қаламы мұқалмай, жыр керуені әрі қарай биік белестерді бағындыра бергей!

Advertisements