Жастар игі іске жұмылды

27

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жастардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған ерекше сайыс өтті. Табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастырып, туған қаланың тазалығына үлес қосу мақсатында ұйымдастырылған шараға жастар белсенді қатысып, өздерінің қоғамдық бастамаларға бейжай қарамайтынын көрсетті.

Сайыс қалаға қарасты саяжай жолы аумағында ұйымдастырылды. Байқауға 11 командадан құралған 110 жас қатысып, белгіленген аумақта тазалық жұмыстарын жүргізді. Қатысушыларға уақыт шектеулі беріліп, бір сағат ішінде мүмкіндігінше көп аумақты қоқыстан тазарту міндеті қойылды.

Жастар уақытты тиімді пайдаланып, топ болып жұмыс істеді. Бірі қоқысты жинаса, енді бірі жиналған қалдықтарды сұрыптап, арнайы орындарға шығаруға атсалысты. Нәтижесінде бір сағаттың ішінде аумақтан жалпы көлемі 3 тоннаға жуық қоқыс жиналды.

Сайыстың басты ерекшелігі – тазалық жұмыстарын жарыс форматында өткізу арқылы жастардың қызығушылығын арттыруында. Қатысушылар үшін бұл тек бәсеке емес, туған қалаға пайда келтіруге бағытталған ортақ іске жұмылудың мүмкіндігі болды.

Экологиялық шара барысында жастар табиғатты аялау мен қоршаған ортаны таза ұстаудың маңызын тағы бір мәрте сезінді. Себебі тазалық – бір күндік акциямен шектелетін жұмыс емес, күнделікті өмір салтына айналуы тиіс құндылық.

Сайыс қорытындысында жоғары нәтиже көрсеткен эко-топтар анықталып, жеңімпаздар арнайы марапаттар мен қаржылай сыйлықтарға ие болды. Өзге қатысушылар да алғыс хаттармен және ынталандыру сыйлықтарымен атап өтілді.

Мұндай бастамалар жастардың қоғамдық белсенділігін арттырып қана қоймай, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Ең бастысы – жастардың өз қаласының тазалығы мен көркеюіне нақты іспен үлес қосуы.

Таза қала – баршаға ортақ мекен. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялау және тазалықты сақтау – тек жекелеген азаматтардың емес, әр тұрғынның ортақ жауапкершілігі. Жастардың бүгінгі бастамасы осы жауапкершіліктің нақты көрінісі болды.

Advertisements