Президент: Қазақстан үлкен құрылыс алаңы, жасампаздық мекені болуы керек

52

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар мен құрылыс жұмыстарына тоқталып, елдегі нысандардың сапасына ерекше мән беру қажет екенін айтты.

Президенттің айтуынша, Қазақстан тарихи кезеңге қадам басып, қоғамның барлық саласында ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатыр. Мемлекеттің саяси жүйесі жаңарып, экономикада да өсім байқалады.

Сонымен қатар еліміздің әр өңірінде әлеуметтік маңызы бар нысандар – мектептер, емханалар, мәдениет және спорт мекемелері салынып жатыр.

«Ұлан-ғайыр жерімізде ондаған мың шақырым автокөлік жолы мен теміржол салынуда. Бұл жұмыс тоқтамайды, Қазақстан үлкен құрылыс алаңы, басқа сөзбен айтсақ, жасампаздық мекені болуы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы құрылыс сапасына ерекше назар аударды. Оның сөзінше, салынып жатқан нысандардың сапасы жоғары болуы тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстар қатаң бақылауда болатынын атап өтті.

«Құрылыстың сапасы өте жоғары болуы қажет. Мен өз басым осы мәселеге баса назар аударып, бұл жұмысты қатаң бақылауда ұстаймын. Аталған нұсқау мен тиісті ережені бұзатын адамдар заңымыз бойынша міндетті түрде жазаға тартылады», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіліп жатқан жұмыстардың негізгі мақсаты халықтың тұрмыс сапасын арттырып, азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасау екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Астанаға да ерекше тоқталып, елорданы Қазақстанның айнасы әрі басты қаласы ретінде атады.

«Осы тұрғыдан алғанда, Астана – Қазақстанның айнасы, бетке ұстар басты қаласы екені сөзсіз», – деді Президент.

Сондай-ақ ол елордада атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға беріп, қаланың көркейіп келе жатқанын атап өтті.

«Қазір елордамызды жаңашыл, жасампаз азаматтардың құтты мекені деп айтсақ, қате болмайды. Астанамыздың көркі артып келе жатыр. Бұл да – қала әкімі Жеңіс Махмұдұлы Қасымбек пен оның көмекшілерінің табанды жұмысы мен қажырлы еңбегінің нәтижесі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Advertisements