Президент: «Таза Қазақстан» ең алдымен әр азаматтың саналы көзқарасынан басталады

54

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жобасының маңызына тоқталып, еліміздің әрбір азаматы жайлы әрі таза ортада өмір сүруі үшін тазалықты ең алдымен өзімізден бастау қажет екенін айтты.

Президенттің сөзінше, жайлы өмір сүру жағдайы өздігінен қалыптаспайды. Бұл – әр азаматтың саналы көзқарасы мен күнделікті әрекетіне байланысты.

«Еліміздің әрбір азаматы бүгін де, ертең де «Таза Қазақстанда» жайлы өмір сүруі керек. Алайда осындай керемет өмір өзінен өзі аспаннан түспейді, бұл да – ең алдымен, әрбір азаматтың саналы көзқарасы, болмысы», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы тазалық ұғымына кең мағынада қарау керектігін атап өтті. Оның айтуынша, адамның ойы мен ниеті таза болса, оның әрбір әрекеті де түзу болады.

«Тазалықты ең алдымен өзімізден бастау маңызды. Мен Қазақстан жастарын, яғни сіздерді дәл сондай жүрегі таза, адал азаматтар деп есептеймін», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жобасының негізгі мақсаты елімізді көркейту және азаматтарды ортақ іске жұмылдыру арқылы қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті нығайту екенін айтты.

Бүгінде еліміздің барлық өңірінде осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Президенттің мәліметінше, жыл басынан бері Қазақстан бойынша 600-ден астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылған.

Бұл жұмыстарға 7 миллион адам қатысып, 130 мыңнан астам гектар жер тазартылған. Сонымен қатар елімізде 1,3 миллион тал егілген.

Мемлекет басшысы атқарылып жатқан жұмыстарды азаматтардың Отанға деген қамқорлығы мен еңбекқорлығының көрінісі ретінде бағалады.

«Бұл – азаматтарымыздың Отанымызға деген таза ниеті, шынайы қамқорлығы және ең бастысы, еңбекқорлығы», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Advertisements