Құрылтай сайлауы: “Мерейлі отбасы” байқауының жүлдегері Бимұратовтар отбасы өз таңдауын жасады

17

Қызылорда облысының «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық конкурсының облыстық кезеңінде ІІІ орын иеленген Бимұратовтар отбасы Құрылтай сайлауына қатысып, өз азаматтық таңдауын жасады.

Берекесі мен бірлігін бекем ұстаған Бимұратовтар әулеті – отбасы құндылықтарын дәріптеп, кейінгі ұрпаққа өнеге көрсетіп келе жатқан өнегелі шаңырақтардың бірі. Отбасы мүшелері елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласудың және азаматтық жауапкершіліктің маңызын атап өтті.

Әулеттің үлкені, «Батыр ана», тыл ардагері Ұлмекен Үбіжарова да сайлау учаскесіне барып, өз дауысын берді. Ғибратты ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, елдің қиын-қыстау кезеңдерін бастан өткерген ардақты ана үшін бұл – азаматтық ұстанымын білдіретін маңызды қадам.

Сайлауға қатысқан отбасы мүшелері Құрылтай депутаттарын таңдаудың ел болашағы үшін маңызы зор екенін айтып, дауыс берді.

Бимұратовтар отбасының бұл қадамы – жас ұрпақты елжандылыққа, жауапкершілікке және қоғам өміріне белсенді араласуға тәрбиелеудің жарқын үлгісі. Өйткені ел тағдырына қатысты маңызды шешімдерге әр азаматтың үн қосуы – ортақ жауапкершіліктің көрінісі.

Өнегелі әулеттің сайлауға бірге қатысуы отбасы бірлігінің ғана емес, елдік мұрат пен азаматтық парызды ұлықтаудың да айқын көрінісіне айналды.

Advertisements