Тоқаев 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желі қолдануына шектеу қоюды қолдады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне заң арқылы тыйым салу туралы ұсынысын қолдайтынын айтты. Президент бұл бастаманы жүзеге асыруда қабылданатын заңның тиімді орындалуына ерекше мән беру қажет екенін атап өтті.

«Осы орайда, Үкімет 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң арқылы тыйым салуды ұсынып отыр.
Бұл мәселеге таяуда өткен Тамыз конференциясында арнайы тоқталып өттім. Мұндай шара әлемнің көптеген елінде қабылданып жатыр. Мен мұны қолдаймын. Осы жұмысқа баса назар аудару қажет деп санаймын.
Бірақ тиісті заңды қабылдасақ, оны толығымен жүзеге асыру мәселесін ойлауымыз керек, себебі, қауқарсыз заң ешкімге қажет емес.
Энергетика саласының технологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге, баламалы энергия көздерін дамытуға мүмкіндік беретін заң жобаларын да тездетіп қарастыру маңызды.
Сондай-ақ онлайн-платформалар мен масс-медиа мәселесіне қатысты заңдарға айрықша назар аудару керек. Ақпарат кеңістігінде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін қосымша шаралар қабылдау қажет»,-деді Президент.







