Жастарға әскери қызметтің маңызы түсіндірілді

37

Көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны аясында қала әкімдігінің ұйымдастыруымен аграрлық колледж студенттеріне арналған ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Шараның негізгі мақсаты – жастарға әскери қызметтің мән-маңызын түсіндіру, Отан алдындағы азаматтық борыш туралы ұғымдарын кеңейту және әскерге шақыру тәртібі жөнінде нақты ақпарат беру.

Кездесуге қалалық Жастар ресурстық орталығының және Қорғаныс істері жөніндегі басқарманың басшылары қатысып, студенттермен ашық форматта пікір алмасты. Мамандар өз сөздерінде әскери қызметтің ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөліне тоқталып, әрбір азаматтың бұл бағыттағы жауапкершілігі жоғары екенін атап өтті. Сонымен қатар, әскер қатарына шақыру талаптары, медициналық тексеруден өту кезеңдері, қызмет ету мерзімі мен шарттары жан-жақты түсіндірілді.

Шара барысында жастарға әскери қызметтің беретін мүмкіндіктері мен артықшылықтары туралы да кеңінен айтылды. Атап айтқанда, сарбаздар үшін түрлі жеңілдіктер, білім алу мүмкіндіктері, тәртіп пен шыдамдылықты қалыптастыру, сондай-ақ болашақта құқық қорғау және әскери салаларда қызмет етуге жол ашатыны сөз болды.

Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтіп, студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауап алды. Мұндай іс-шаралар жастардың патриоттық сезімін арттырып, олардың ел алдындағы жауапкершілігін терең түсінуіне ықпал етеді.

Advertisements