Жастар театры: Жаңа маусым. Жаңа тыныс

236

«Қала күні» мерекесіне орай Қызылорда қаласының Жастар театры III маусымының шымылдығын режиссер Берік Ахметтің «Іңкәр сезім» қойылымының премьерасымен ашты. Жаңа маусымның алғашқы спектаклі театрдың жас көрерменге бағытталған шығармашылық ұстанымын аңғартып, ұжымның ізденіс бағытын да байқатты.

Қойылымның өзегінде – қала жастарына жақын махаббат тақырыбы. Сезім мен сенім, арман мен мақсат, мейірім мен отбасы құндылықтары сахналық әрекет арқылы өріледі. Бұл тақырыптың таңдалуы орынды. Себебі жастар театры өз буынының ішкі толғанысын, арманын, сұранысын сахнаға шығара алғанда ғана көрерменімен шынайы байланыс орнатады. Бүгінгі қала жастарына махаббатты тек романтикалық сезім ретінде емес, жауапкершілік пен адамдық құндылық тұрғысынан ұсынудың маңызы бар.

Спектакльде ән, би, поэзия, монолог және драмалық әрекет өзара сабақтасып, музыкалық-поэтикалық сипат қалыптастырады. Осы тұрғыдан қойылымның жанрын«музыкалық-поэтикалық» деп бағалауға болады. Басты рөлдерді сомдаған театр артистері Нұрғани Шеңгелбаев, Аружан Серік, Мақсат Серіков, Азамат Жұмахмет кейіпкерлерінің сезім иірімдерін жастық серпінмен жеткізеді. Ал Мұраділ Ертөре мен Жасұлан Ханқожаевтың вокалдық орындаулары қойылымның музыкалық желісін айқындап, оның эмоционалдық атмосферасын байыта түскен.

Алайда қойылымның негізгі түйткілі – осы сахналық компоненттердің әзірге біртұтас көркемдік жүйеге толық түспеуінде. Ән, би, поэзия, музыка мен драмалық әрекет кей тұста органикалық сахналық тілге айналмай, қатар қолданылған элементтер ретінде қабылданады. Музыка мен поэзия кейіпкердің ішкі күйін ашып, драмалық әрекетті дамытуға қызмет етсе, хореография да оқиғаның темпоритмімен табиғи сабақтасуы қажет. Екінші пландағы музыканттарды сахналық әрекетке белсендірек енгізу, ал кейбір әндерге хор қосу спектакльдің музыкалық партитурасын байытар еді. Сонымен қатар хореографиялық көріністердің орындалу нақтылығын арттырып, қимылдардың өзара үйлесімін жетілдіруге қосымша репетициялық жұмысты қажет етеді. Осы компоненттердің өзара байланысын күшейтіп, әрқайсысына нақты драматургиялық міндет жүктеу қойылымның көркемдік тұтастығын арттыра түсері анық.

Қойылымның көркемдік кеңістігінде суретші Жарқынбек Қосбаевтың сахналық шешімі тақырыппен үндесіп, актерлік әрекетті басып-жаншымай, оның эмоциялық кеңістігін толықтыра түседі. Жарық партитурасы менмузыканың үйлесімі де спектакль атмосферасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарған.

Режиссер Берік Ахмет ән, би, поэзия мен драмалық әрекетті бір арнаға тоғыстыру арқылы қойылымның жанрлық табиғатын айқындаған. Дегенмен ендігі міндет – осы элементтердің механикалық қатарластығын емес, сахналық әрекеттің ішкі логикасын күшейтіп, олардың өзара байланысын органикалық деңгейге жеткізу.

Қойылымның көрерменмен байланыс орнататын тұстары да сәтті шешілген. Актерлердің залдағы көрерменге тікелей сұрақ қоюы оларды сырттай бақылаушы деңгейінде қалдырмай, оқиғаның ішкі кеңістігіне енгізеді. Сахна мен зал арасындағы шартты шекараосылайша әдейі бұзылып, көрермен қойылымның қабылдаушысы ғана емес, белгілі бір сәтте оның тікелей қатысушысына айналады. Бұл тәсіл спектакльдің эмоционалдық әсерін күшейтіп, актер мен көрермен арасындағы байланысты қамтамасыз етеді.

Қойылымның ең әлсіз тұсы – финалдық шешім. Қала күніне орай Қызылорда туралы әннің орындалуы мерекелік көңіл күй қалыптастырғанымен, спектакльдің негізгі идеялық желісімен толық қабыспайды. Махаббат, сезім, сенім төңірегінде өрбіген оқиғадан кейін сыртқы мерекелік нөмірге ауысу жинақталған эмоциялық әсерді тарқатып жібереді. Соңғы сахна спектакльдің ойын түйіндеудің орнына, оның көркемдік қуатын әлсіретіп тұр.

Сондықтан финалдық әннің мәтінін түбегейлі қайта қараған жөн. Қызылорда тақырыбы жастық, махаббат, туған қала, арман ұғымдарымен сабақтасып, қойылымның идеялық өзегін жалғастыруы қажет. Бұл мәтінді кәсіби ақынға немесе драматургке арнайы жаздыру ұтымды болар еді. Сонда финал сырттан жалғанған мерекелік нөмір емес, спектакльдің мағыналық әрі эмоциялық түйініне айналар еді.

Жастар театрының бүгінгі шығармашылық тынысын тек бір спектакльмен өлшеу аздық етеді. Мұнда ұжымға жасалып отырған шығармашылық жағдайға да назар аударған жөн. Театр директоры Жарқын Кенжебекұлы жас актерлерге үлкен мүмкіндік беріп, олардың кәсіби ортада танылуына, ізденуіне және өз әлеуетін көрсетуіне жол ашып отыр. Оның бастамасымен театрға тек жергілікті сахна шеңберінде қалып қоймай, сырттан да өнер мамандары шақырылып, Сырдың Жастар театрының шығармашылық жұмысы кәсіби ортаға кеңірек таныстырылуда.

Бұл бағыттағы жұмыстың өзі назар аударуға тұрарлық. Театр және кино саласының белгілі өнер иелері Данияр Базарқұлов, Әсет Иманғали, Ержан Жарылқасынұлы секілді мамандардың шақырылуы жас актерлер үшін тәжірибе алмасудың, кәсіби талапты сезінудің маңызды мүмкіндігі.

Бұл процесте көркемдік жетекші, мәдениет қайраткері Оңталап Нұрмахановтың да еңбегін атап өткен жөн. Жастармен жүйелі жұмыс жүргізіп, театрдың көркемдік бағытын қалыптастыру режиссерлік ізденістердің нәтижелі болуына негіз қалайды. Директор тарапынан жасалған шығармашылық мүмкіндік пен көркемдік жетекшінің ұстанымы бір арнаға түскен жағдайда ғана ұжымның жеке спектакльдерден тұтас көркемдік жүйеге көшуіне жол ашылады.

«Іңкәр сезім» – толық қалыптасқан көркемдік нәтиже емес, бірақ шығармашылық әлеуеті анық байқалатын ізденіс. Оның бойында тақырыптық өзек, жас актерлердің энергиясы, музыкалық-поэтикалық форманы игеруге деген талпыныс бар. Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді біртұтас режиссерлік концепцияға бағындыру. Финалдық шешімді қайта қарау, музыкалық драматургияны тереңдету, хореографиялық партитураны жинақтау және актерлік әрекетті ішкі мазмұнмен байыту спектакльдің көркемдік деңгейін көтерері сөзсіз.

Жастар театры III маусымын жаңа серпінмен бастады. Ендігі мәселе – сол серпінді премьералық әсер деңгейінде қалдырмай, тұрақты көркемдік сапаға айналдыру. «Іңкәр сезім» жас ұжымда ізденіс бар екенін көрсетті. Ал театр өнерінде ізденістің шынайы бағасы – оның сахналық формаға, көркемдік тілге және тұтас спектакльдік нәтижеге айналуында.

Ұ.Қылышбаева

театртанушы, сыншы

Advertisements