Президент саябағында Бірлік күні кең көлемде аталып өтті

Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай Президент саябағы аумағында «БІРЛІК. ДОСТЫҚ. БЕРЕКЕ» атты кең ауқымды мерекелік шара ұйымдастырылды. Тағылымы терең, мазмұны бай іс-шараға қала тұрғындары мен қонақтары қатысып, бірлік пен татулықты дәріптеген мерекелік атмосфераны бірге бөлісті.
Саябақ аумағында ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған көрмелер ұйымдастырылды. Қолөнер шеберлерінің дәстүрлі нақыштағы бұйымдары мен жас суретшілердің шығармашылық жұмыстары көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар, гүлдер мен құстар фестивалі келушілерге ерекше әсер сыйлап, мерекелік көңіл-күйді еселей түсті. Табиғат пен өнер үйлесім тапқан бұл көріністер саябақтың ажарын аша түсті.
Мерекелік жиында Нұржан Ахатов сөз сөйлеп, тұрғындарды бейбітшілік пен келісімнің айшықты мерекесімен құттықтады. Қала әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасының маңыздылығына тоқталып, оның аясында халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобалардың нәтижелі жүзеге асып жатқанын атап өтті. Соның жарқын мысалы ретінде Президент саябағын атап, бұл орынның бүгінде қызылордалықтардың сүйікті демалыс орнына айналғанын жеткізді.
Сондай-ақ, алдағы уақытта саябақ аумағында жыл бойы жұмыс істейтін балалар тынығу лагері мен Ботаникалық бақ пайдалануға берілетіні айтылды. Бұл жобалар өскелең ұрпақтың білімін, танымын және тәрбиесін ұштастыруға мүмкіндік беретін маңызды орталықтарға айналмақ.
Қала басшысы өз сөзінде бірлік пен ынтымақтың ел дамуы үшін айрықша маңызға ие екенін ерекше атап өтті. Бүгінде Сыр өңірінде 30-дан астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, түрлі салада еңбек етіп, өңірдің өркендеуіне үлес қосып келеді. Облыста 11 этномәдени бірлестік пен 9 қоғамдық құрылым нәтижелі жұмыс жүргізуде. Бұл – қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың нақты көрінісі.
Мерекелік бағдарлама барысында этнос өкілдері өнер көрсетіп, ән мен жырдан шашу шашты. Патриоттық бағыттағы шығармалар арқылы қоғамдағы бірлік пен татулықтың маңызы кеңінен насихатталды.
Айта кету керек, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында өткен жылы Қызылорда қаласында «Достық үйі» ғимаратының іргетасы қаланған болатын. Қазатомөнеркәсіп демеушілігімен салынған бұл нысан биыл пайдалануға беріліп, онда V Ұлттық құрылтай өтті.
Бүгінде «Достық үйі» қоғамдық келісімді нығайтуға, этносаралық татулықты дамытуға бағытталған маңызды рухани-мәдени орталыққа айналып отыр.
Жалпы, мерекелік шара ел бірлігін ұлықтап, достық пен келісім құндылықтарын дәріптеген мазмұнды әрі тағылымды іс-шара ретінде есте қалды.







