Бірлікпен егілген мың көшет – келешекке жасалған қадам

Таза Қазақстан республикалық бастамасы аясында Аманкелді ауылында кең көлемді тал егу іс-шарасы ұйымдастырылды. Игі бастамаға Берік Сәрменбаев арнайы қатысып, акцияның маңыздылығына тоқталды.
Экологиялық шараға облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов, аудандық мәслихат депутаты Руслан Каскиев, сондай-ақ ауыл ақсақалдары мен тұрғындар белсенді түрде қатысты. Бұл – қоғамның әр буынының табиғатты қорғау ісіне бейжай қарамайтынын көрсетеді.

Шара барысында аудан әкімі «Таза Қазақстан» акциясының тек тазалық жұмыстарымен шектелмейтінін, оның ел болашағына бағытталған маңызды экологиялық әрі тәрбиелік мәні бар бастама екенін атап өтті. Оның айтуынша, туған жерге деген жанашырлық пен жауапкершілік осындай нақты істер арқылы көрініс табады. Егілген әрбір көшет – келешек ұрпақ үшін қалдырылатын игілікті мұра.
Іс-шара барысында ауыл аумағындағы «Қызылбай» бауында арнайы белгіленген жерге бірлесіп тал көшеттері отырғызылды. Жалпы саны 1100 түп көшет егілді. Бұл жұмыстар ауылдың экологиялық жағдайын жақсартуға, жасыл желек көлемін арттыруға және елді мекеннің көркін айшықтай түсуге бағытталған.
Тал егу – тек бір күндік акция емес, ол ұзақ мерзімді нәтижеге бағытталған маңызды қадам. Мұндай бастамалар тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, табиғатқа деген жанашырлықты арттырады. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары үшін таза, көрікті әрі қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді.
Жалпы алғанда, «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылған бұл шара өңірдегі көгалдандыру жұмыстарына серпін беріп, қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жүйелі жұмыстардың жалғасатынын көрсетті.







