Аймақ басшысы «Harvest Agro» инвестициялық жобасының барысымен танысты

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев «Harvest Agro» ЖШС директоры Нұрлан Увашевпен кездесіп, аймақта жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалардың барысын талқылады. Кездесу барысында агроөнеркәсіп саласын дамыту, су үнемдеу технологияларын енгізу және экспортқа бағытталған өндірістерді кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Аймақ басшысы Мемлекет басшысының су ресурстарын тиімді пайдалану және су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу жөніндегі тапсырмасының өңір үшін аса маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, климаттық өзгерістер мен су тапшылығы ауыл шаруашылығы саласына жаңа тәсілдер енгізуді талап етеді.
– Мемлекет басшысының су үнемдеу технологияларын пайдалануды жыл сайын 150 мың гектарға дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес облыста жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы су үнемдеу технологиялары қолданылған егіс көлемі 2024 жылмен салыстырғанда екі есеге артып, 8100 гектарға жетті. Ал биыл бұл көрсеткішті 16 700 гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Су ресурстарының азаюы бізге бұрынғы тәсілдерді қайта қарап, табиғатпен үйлесімді, тиімді әрі үнемшіл жолдарды таңдауға мүмкіндік берді, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Кездесу барысында облыс әкімі «Harvest Agro» ЖШС қолға алып отырған бастаманың өңір үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, жоба аймақтың агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
– Компанияның бұл бастамасы – өңір экономикасын дамытуға бағытталған маңызды қадам. Жобаны жүзеге асыруға бастамашы болып, үлкен үлес қосып отырған өздеріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін. Зауыт құрылысының сәтті аяқталып, жаңа нысанның ел игілігіне қызмет етуіне тілектеспін, – деді облыс әкімі.
Айта кету керек, «Harvest Agro» ЖШС жалпы құны 68 млрд теңгені құрайтын ауқымды агроиндустриялық кластер жобасын жүзеге асыруда. Жоба аясында техникалық қарасора, жүгері және соя өсіріп, оларды терең өңдеу көзделген.
2025–2028 жылдарға жоспарланған жоба Жалағаш және Сырдария аудандарындағы 32 мың гектар аумақты қамтиды. Оның аясында жыл сайын 80 мың тонна жүгері, 42 мың тонна техникалық қарасора және 33 мың тонна соя өндіру жоспарланған. Сонымен қатар жоба іске қосылғанда 142 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Мемлекеттік қолдау шаралары аясында жобаға 22,4 мың гектар жер учаскесі табысталған. Қазіргі таңда 9 200 гектар жер тегістеліп, 1 800 гектар алқап өңделген. Сондай-ақ 1 мың гектар жерге егін егілді. Биыл 5 мың гектар аумаққа жүгері мен мақсары дақылдарын егу жоспарланып отыр.
Бүгінде жобаға 26,3 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Құрылыс-монтаж жұмыстарына 130 арнайы техника мен 300-ге жуық адам жұмылдырылған. Сонымен қатар 142 жаңбырлатып суару қондырғысы орнатылып, инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде.
Жоба аясында енгізілетін заманауи су үнемдеу технологиялары ауыл шаруашылығында суды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өнім көлемін арттырып, егіс алқаптарының өнімділігін көтеруге оң әсерін тигізбек.
Сондай-ақ жоба өңірдің экспорттық әлеуетін күшейтіп, агроөнеркәсіп саласында жаңа өндірістердің дамуына жол ашады. Сарапшылардың пікірінше, мұндай ірі инвестициялық бастамалар Қызылорда облысының экономикалық өсіміне тың серпін беріп, ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Жалпы, «Harvest Agro» ЖШС жүзеге асырып жатқан агроиндустриялық кластер жобасы – өңірдегі ірі инвестициялық бастамалардың бірі. Ол ауыл шаруашылығын әртараптандыруға, жаңа технологияларды енгізуге және аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосады.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі







