Көктемгі дала жұмыстарына дайындық пысықталды

56

Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, көктемгі дала жұмыстарының барысы мен егіс науқанына дайындық мәселелері жан-жақты талқыланды. Жиынға жауапты сала басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, ауыл шаруашылығы саласының мамандары қатысты.

Мәжіліс барысында аудан басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы саласын дамыту, су ресурстарын тиімді пайдалану және егіс алқаптарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмаларына ерекше тоқталды.

– Су ресурстарының азаюына байланысты ауыл шаруашылығы саласында жаңа тәсілдерге көшу аса маңызды. Мемлекет басшысының су үнемдеу саясатын жүзеге асыру мақсатында ауданда суды көп қажет ететін дақылдардың көлемін кезең-кезеңімен оңтайландыру жұмыстары жүргізілуде. Негізгі міндет – су ресурстарын тиімді пайдалану арқылы аграрлық саланың тұрақты дамуын қамтамасыз ету. Осыған байланысты суды аз қажет ететін дақылдардың көлемін ұлғайтып, заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу және су шығынын азайту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруымыз қажет, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Сонымен қатар аудан әкімі көктемгі егіс жұмыстарына сапалы дайындық жүргізудің маңыздылығын атап өтіп, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау шараларын тиімді пайдалану қажеттігін жеткізді.

– Ауыл шаруашылығы саласында цифрлық технологияларды кеңінен енгізу, заманауи әдістерді пайдалану және еңбек өнімділігін арттыру – уақыт талабы. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, егіс науқанын сапалы ұйымдастыруымыз қажет, – деді аудан басшысы.

Жиында биылғы егіс көлемі мен ауыл шаруашылығы дақылдарының құрылымы туралы да айтылды. Биыл ауданда жалпы көлемі 32 064 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланған.

Оның ішінде негізгі дақыл саналатын күріш 17 000 гектар жерге егіледі. Сонымен қатар су үнемдеу мақсатында және егіс алқаптарын әртараптандыру бағытында 2000 гектарға жүгері, 1885 гектарға бидай, 384 гектарға мақсары, 105 гектарға соя және 10 000 гектарға жоңышқа егу жоспарланып отыр.

Қазіргі таңда көктемгі дала жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бүгінде жоспарланған егіс көлемінің 48 пайызына ауыл шаруашылығы дақылдары егілген.

Мәжіліс барысында тұқым қоры, жанар-жағармаймен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығы, суару мәселелері және су үнемдеу технологияларын енгізу бағытындағы жұмыстар да қаралды.

Жиын қорытындысы бойынша аудан әкімі жауапты сала басшылары мен кент және ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеп, көктемгі дала жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтауды міндеттеді.

Сондай-ақ су ресурстарын тиімді пайдалану, су шығынын азайту, егіс алқаптарына тұрақты мониторинг жүргізу және шаруашылықтармен тығыз байланыста жұмыс істеу қажеттігі тапсырылды.

Жалпы, ауданда көктемгі дала жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп, ауыл шаруашылығы саласын дамыту мен су үнемдеу бағытындағы кешенді жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Advertisements