Қаладағы аяқсу жүйелерінің жұмысы бақылауда

69

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қызылорда қаласындағы аяқсу ұңғымаларының қазіргі жай-күйімен танысып, суару жүйелерінің жұмысын тексерді. Аймақ басшысы қала аумағындағы бірқатар маңызды нүктелерді аралап, жауапты сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар жүктеді.

Атап айтқанда, облыс әкімі Н.Назарбаев даңғылы мен А.Шәменов көшесінің қиылысындағы, «Қорқыт ата әуежайы» аумағындағы, «Эдельвейс» саяжайы маңындағы және сол жағалаудағы көпбейінді аурухана жанындағы аяқсу ұңғымаларының жұмысымен танысты.

Тексеру барысында аяқсу жүйелерінің техникалық жағдайы, насос қондырғыларының қуаты, су жеткізу мүмкіндіктері және көгалдандыру жұмыстарын сумен қамту мәселелері қаралды.

Сонымен қатар аймақ басшысына сол жағалауда жүзеге асырылып жатқан көгалдандыру және жасыл белдеу жобалары таныстырылды. Облыс әкімі кейінгі жылдары халық тығыз қоныстанған жаңа шағын аудандарда құрылыс жұмыстарымен қатар көгалдандыру ісін қатар алып жүрудің маңыздылығын атап өтті.

Қазіргі таңда Қызылорда қаласындағы 68 көшеде жалпы ұзындығы 98,6 шақырым болатын арық жүйелері бар. Оның ішінде 46 көшедегі 74,6 шақырым арық жүйесіне аяқсу жеткізілуде.

Сондай-ақ 3 көшедегі 4,4 шақырым арық ірі лотоктармен жабдықталса, 39 көшедегі 68,6 шақырым желі кіші лотоктар арқылы жүргізілген.

Бүгінде қала бойынша 10 нүктеде орналасқан 16 насос қондырғысы толық қуатында жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, 12 арық жүйесіне 19 насос арқылы тұрақты түрде су берілуде.

Қаладағы аяқсу жүйесін жетілдіру мақсатында «KazstroyCapital LTD Kyzylorda» ЖШС-мен бірлесіп, бұрын аяқсу жетпеген көшелерді жерасты ұңғымалары арқылы сумен қамту жұмыстары қолға алынған.

Осы бағыттағы жұмыстар нәтижесінде Бөкейхан көшесіндегі арық жүйесіне аяқсу беріліп, тұрғындардың көгалдандыру жұмыстарына қолайлы жағдай жасалды.

Сонымен қатар «Қызылорда тазалығы» мекемесі тарапынан қаладағы арық және канал жүйелерін қалпына келтіру, тазалау және күтіп ұстау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.

Аймақ басшысы жауапты мекемелерге аяқсу жүйелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, насос қондырғыларының техникалық жағдайын бақылауда ұстау және қала аумағындағы жасыл желектерді сумен тұрақты қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді.

Жалпы, Қызылорда қаласында аяқсу жүйелерін жаңғырту, көгалдандыру жұмыстарын күшейту және экологиялық ахуалды жақсарту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады.

Advertisements