Облыстық мәслихат депутаттары ауданға жұмыс сапарымен келді

41

Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы Мұрат Тілеумбетов бастаған облыстық мәслихат депутаттары ауданға жұмыс сапарымен келіп, аудандық аурухананың Жұқпалы аурулар бөлімшесінің жұмысымен танысты. Нысанды аралау барысында аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы Сәрменбаев денсаулық сақтау саласында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде кеңінен мәлімет берді.

Жұмыс сапары барысында бөлімшенің қазіргі жай-күйі, инженерлік инфрақұрылымының сапасы, көрсетілетін медициналық қызметтің деңгейі және денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды. Әсіресе ғимараттың ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстарының сапасына, инженерлік желілердің жаңартылуына және емделушілер үшін қолайлы жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Аудан басшысы бүгінде денсаулық сақтау нысандарын жаңғырту, олардың материалдық-техникалық базасын нығайту және тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, бөлімшеде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысы таныстырылып, жобаның негізгі бағыттары түсіндірілді.

Жөндеу жұмыстары аясында ғимараттың ішкі және сыртқы әрлеуін жаңарту, су құбыры, кәріз және жылу жүйелерін қайта жаңғырту, инженерлік инфрақұрылымдарды заман талабына сәйкестендіру көзделген. Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің тиімді жұмыс істеуіне және пациенттердің ем алуына қолайлы әрі қауіпсіз жағдай қалыптастыру мәселелері басты назарға алынған.

Кездесу барысында Жұқпалы аурулар бөлімшесінің аудан тұрғындары үшін стратегиялық маңызы бар әлеуметтік нысан екені айтылды. Себебі мұнда инфекциялық және аса қауіпті ауруларға шалдыққан азаматтарға мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі. Осыған байланысты санитариялық талаптардың қатаң сақталуы, инженерлік жүйелердің үздіксіз әрі сапалы жұмыс істеуі ерекше маңызға ие.

Нысанды аралау кезінде облыстық мәслихат депутаттары жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының сапасына, құрылыс материалдарының талапқа сәйкестігіне және жобаның орындалу мерзіміне қатысты ұсыныс-пікірлерін білдірді. Сонымен қатар, денсаулық сақтау мекемелерін кезең-кезеңімен жаңғырту арқылы халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттырудың маңыздылығы атап өтілді.

Аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсету мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі екенін жеткізіп, денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.

Жұмыс сапары қорытындысында Жұқпалы аурулар бөлімшесінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы маңызды жобалардың тиімді іске асырылуы тұрақты бақылауда болатыны атап өтілді. Бұл жұмыстар аудан тұрғындарының денсаулығын қорғауға және медициналық қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады.

Advertisements