Сырдария ауданындағы көпір құрылысы аудан әкімінің бақылауында

47

Аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы Сәрменбаев облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергеновпен бірге «Қызылорда – Жалағаш» облыстық маңызы бар автомобиль жолының 47,9 шақырымында орналасқан көпірдегі күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Жұмыс сапары барысында аудан басшысы мен облыстық мәслихат депутаты нысанда жүргізіліп жатқан құрылыс-монтаж жұмыстарының орындалу барысын көріп, жауапты мердігер мекеме өкілдерінің есебін тыңдады. Сонымен қатар, жөндеу жұмыстарының сапасы, құрылыс кестесінің сақталуы және қауіпсіздік талаптарының орындалуы талқыланды.

Қазіргі уақытта көпірде құрылыс-монтаж жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Жоба аясында көпірдің негізгі тірек және өткел конструкцияларын жаңғырту, техникалық жағдайын жақсарту, жүк көтеру қабілетін арттыру және көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстар атқарылуда.

Аталған жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын «Сервис НС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда. Ал техникалық қадағалау жұмыстарын «Ақмешіт Элит Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Жобаның жалпы құрылыс мерзімі алты ай болып белгіленген.

Көпір – аудан тұрғындары мен көршілес өңірлер арасындағы көлік қатынасын қамтамасыз ететін маңызды инфрақұрылымдық нысандардың бірі. Сондықтан оның техникалық жағдайын жақсартып, заманауи талаптарға сәйкестендіру көлік қауіпсіздігін арттырумен қатар, жол қозғалысының үздіксіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Нысанды аралау барысында аудан әкімі құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше назар аударып, мердігер мекеме өкілдеріне барлық жұмыстарды талапқа сай әрі белгіленген мерзімде аяқтау қажеттігін ескертті.

– Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру кезінде ең алдымен құрылыс сапасы мен қауіпсіздік мәселесі басты назарда болуы тиіс. Әрбір жұмыс техникалық талаптарға толық сәйкес орындалуы қажет. Сонымен қатар тұрғындар мен жол пайдаланушыларға қолайсыздық туғызбау, көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы шараларды күшейту маңызды, – деді аудан басшысы.

Сондай-ақ жауапты мекемелерге құрылыс барысын тұрақты бақылауда ұстап, жұмыстың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды. Жол қозғалысын ұйымдастыру кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау, ескерту белгілерін орнату және тұрғындарға қажетті ақпараттарды дер кезінде жеткізу мәселелері де назарға алынды.

Жұмыс сапары қорытындысында аудан әкімі көпірді күрделі жөндеу жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жалғасатынын және нысанның сапалы пайдалануға берілуі тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.

Advertisements