Инклюзивті саясатты іске асыру және «Таза Қазақстан» бағдарламасының орындалуы талқыланды

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің міндетін атқарушы Шерхан Есжановтың төрағалығымен инклюзивті саясатты іске асыру шараларына арналған арнайы мәжіліс өтті. Жиынға аудандық бөлім басшылары, қала, кент және ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ жауапты мекеме жетекшілері қатысты.
Аталған мәселе бұған дейін Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында қаралып, өңірлерде инклюзивті қоғам қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берілген болатын. Осыған сәйкес ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйі сараланып, алдағы міндеттер айқындалды.
Жиында аудан бойынша мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдау шаралары жан-жақты талқыланды. Қазіргі таңда ауданда 2 470 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Олардың өмір сапасын жақсарту, қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау және әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып табылады.
Мәжілісте әлеуметтік оңалту қызметтерін жетілдіру, инклюзивті білім беру жүйесін дамыту, арнайы қажеттілігі бар балаларды сапалы біліммен қамту, тұрғын үй мәселелерін шешу, денсаулық сақтау қызметтерінің қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ мәдени-көпшілік және спорттық шараларға қатысу мүмкіндігін кеңейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндамалар тыңдалды.
Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету, пандустар мен арнайы жабдықтардың сапасын арттыру, қоғамдық орындардың ыңғайлылығын жақсарту бағытындағы жұмыстардың нәтижелері сараланды.
Жиын барысында аудан әкімінің міндетін атқарушы Шерхан Жұмаханұлы инклюзивті саясатты іске асыру тек әлеуметтік қорғау саласының ғана емес, барлық мемлекеттік органдардың ортақ міндеті екенін атап өтті. Ол білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау салаларындағы жұмыстарды жүйелі түрде үйлестіру қажеттігіне тоқталып, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе ретінде Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасының аудандағы орындалу барысы қаралды. Бағдарлама аясында елді мекендердің санитарлық тазалығы, абаттандыру жұмыстары, жасыл желектерді күтіп-баптау және қоршаған ортаны қорғау бағытында атқарылған жұмыстар сараланды.
Жиында тазалық мәселесіне қатысты бірқатар кемшіліктер арнайы дайындалған слайдтар арқылы көрсетіліп, қатысушылар назарына ұсынылды. Кейбір аумақтардағы санитарлық тазалықтың талапқа сай еместігі, абаттандыру жұмыстарының баяу жүргізілуі және қоғамдық орындардың күтімі бойынша анықталған олқылықтар бойынша жауапты тұлғаларға ескертулер берілді.
Осыған байланысты қала, кент және ауылдық округ әкімдеріне анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою, тазалық жұмыстарын тұрақты бақылауға алу және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы түсіндіру жұмыстарын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді.
Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімінің міндетін атқарушы Шерхан Есжанов көтерілген барлық мәселелердің тұрақты бақылауда болатынын атап өтті. Ол жауапты мекеме басшыларына берілген тапсырмалардың сапалы әрі мерзімінде орындалуын қамтамасыз етуді міндеттеп, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстардың тиімділігін күшейту қажеттігін айтты.
Жиын қорытындысы бойынша барлық жауапты сала басшыларына нақты міндеттер жүктеліп, олардың орындалуы тұрақты мониторингке алынатын болды.







