Арал қаласындағы тазалық пен абаттандыру жұмыстары бақылауға алынды

48

Бүгін аудан әкімінің міндетін атқарушы Шерхан Есжанов қала әкімі Бақытжан Ұзақовпен бірге Арал қаласының бірқатар көшелері мен қоғамдық орындарын аралап, санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарының жай-күйімен танысты. Арнайы зерделеу барысында қала аумағындағы тазалық мәселелері, инфрақұрылымдық жұмыстардың сапасы және тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігі жан-жақты қаралды.

Алдымен жұмыс тобы қала кіреберісіндегі қақпа маңындағы абаттандыру жұмыстарын көрді. Алайда мұндағы жұмыстардың белгіленген қарқынмен жүргізілмей жатқаны анықталып, жауапты мекеме өкілдеріне қатаң ескерту жасалды. Аудан әкімінің міндетін атқарушы тапсырмалардың уақытылы орындалуы қатаң бақылауда болатынын айтып, белгіленген мерзімдерді сақтамаған тұлғаларға тиісті шаралар қолданылатынын жеткізді.

Қаланы аралау барысында санитарлық тазалық мәселелері де басты назарға алынды. Кейбір көшелерде ұзақ уақыт бойы шығарылмаған қоқыс үйінділері анықталып, тазалық жұмыстарының жеткіліксіз деңгейде жүргізіліп жатқаны сынға алынды. Әсіресе, бірқатар аумақтардағы тұрмыстық қалдықтардың уақытылы тазаланбауы қала келбетіне кері әсерін тигізіп отырғаны атап өтілді.

Шерхан Есжанов кейбір көшелер бойында ұзақ уақыттан бері жиналып қалған қоқыс үйінділерін көріп, қала әкімдігі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың тиімділігіне қатысты нақты ескертулер жасады. Оның айтуынша, Арал қаласындағы тазалық жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатқанымен, кейбір аумақтарда нәтиже әлі де талапқа сай емес.

Мониторинг барысында тазалық мәселесінің тек коммуналдық қызметтердің жұмысына ғана емес, тұрғындардың экологиялық мәдениетіне де тікелей байланысты екені айтылды. Кейбір көше бойындағы көріністер қала тұрғындарының арасында қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігін көрсетті.

Соның бір мысалы ретінде қаланың Шанхай мөлтек ауданындағы халық арасында «орыс қорымы» аталып кеткен аумақтың жағдайы қаралды. Зерделеу барысында аталған аумақтың ішкі және сыртқы бөліктерінде қоқыстың көп мөлшерде жиналғаны анық байқалды. Бұл мәселе бұған дейін де бірнеше рет көтерілгенімен, тұрғындар тарапынан қоқыс тастау әрекеттері тоқтамай отырғаны белгілі болды.

Аталған аумақ маңында тұратын Алматы көшесінің тұрғыны да бұл жағдайды растап, тазаланған жерлердің арада аз уақыт өткен соң қайтадан қоқысқа толып қалатынын жеткізді. Мұндай жағдайлар тұрғындардың ортақ жауапкершілігін арттыру қажеттігін тағы бір мәрте көрсетті.

Мән-жаймен толық танысқан аудан әкімінің міндетін атқарушы Шерхан Есжанов қала әкіміне заңсыз қоқыс төгу жиі орын алатын аумақтарды анықтап, ол жерлерге бейнебақылау жүйелерін орнату бойынша нақты тапсырма берді. Жаңа бақылау құралдары құқық бұзушылықтарды жедел анықтауға мүмкіндік беріп, қоршаған ортаны ластаған тұлғаларды жауапкершілікке тартуға жол ашады.

Сонымен қатар, заңсыз қоқыс тастаған азаматтарға қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес әкімшілік шаралар қолданылып, айыппұл салынатыны ескертілді. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – тұрғындардың тазалық мәдениетін қалыптастыру және қоғамдық орындардың санитарлық жағдайын жақсарту болып табылады.

Іссапар барысында аудан әкімінің міндетін атқарушы қала көшелеріндегі жол жөндеу жұмыстарының барысымен де танысты. Мердігер мекеме өкілдерімен кездесуде атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы, құрылыс талаптарының сақталуы және белгіленген мерзімдердің орындалуы мәселелері талқыланды. Жауапты компанияларға барлық жұмыстарды сапалы әрі уақытылы аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Жұмыс сапарының қорытындысында Шерхан Есжанов қала аумағындағы тазалық пен абаттандыру жұмыстары тұрақты бақылауда болатынын атап өтті. Сонымен қатар, мұндай келеңсіз жағдайлардың қайталануына жол бермеу мақсатында қаланың басқа аймақтарында да кешенді шаралар қабылданып, жауапты мекемелердің жұмысына бақылау күшейтілетінін жеткізді.

Таза әрі көрікті қала қалыптастыру – тек коммуналдық қызметтердің ғана емес, барлық тұрғындардың ортақ міндеті. Сондықтан қоғамдық орындардың тазалығын сақтау, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау және заң талаптарын сақтау әрбір азаматтың жауапкершілігі болып қала береді.

Advertisements