Азаматтардың қауіпсіздігі – басты назарда

33

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі аудандық комиссия отырысы өтті. Жиын барысында жаз мезгілінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, табиғи және техногендік қауіптердің алдын алу мәселелері кеңінен қаралды.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – жазғы кезеңде су айдындарындағы қауіпсіздік шараларын күшейту болды. Жыл сайын жаз айларында тұрғындардың өзен-көлдер мен су қоймаларына баруы артып, соның салдарынан қайғылы жағдайлардың орын алуы тіркелетіндіктен, алдын алу шараларын жүйелі түрде күшейту қажеттігі айтылды.

Аудан аумағындағы су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы А. Сыдықов баяндама жасап, қазіргі жағдай мен қабылданып жатқан шараларға тоқталды.

Аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстардың маңыздылығын атап өтіп, су айдындарындағы қауіпсіздік шараларын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Әсіресе, адам көп шоғырланатын Қамыстыбас елді мекеніндегі «Аққұмшық» жағажайында қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуы ерекше назарда болуы керектігін ескертті.

Жиын барысында суға кету оқиғаларының алдын алу мақсатында күнделікті рейдтік іс-шараларды ұйымдастыру, тұрғындар арасында тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу және рұқсат етілмеген жерлерде суға түсуге жол бермеу бойынша нақты бақылау орнату қажеттігі айтылды.

Аудан басшысы жаз маусымының басталуына байланысты «Аққұмшық» жағажайына келушілер санының артатынын ескеріп, демалушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау мәселесіне ерекше тоқталды. Туризм саласын дамыту бағытындағы жұмыстар аясында жағажай инфрақұрылымын жетілдіру, санитарлық тазалықты сақтау және қызмет көрсету сапасын арттыру тапсырылды.

Сонымен қатар, жағажай аумағында бей-берекет орнатылған санитарлық тораптарды ретке келтіру, олардың орнына заманауи талаптарға сай, бірыңғай үлгідегі санитарлық нысандар салу қажеттігі айтылды. Кіреберіс қақпаға QR-код арқылы төлем жасау жүйесін енгізу мәселесі де тапсырмалар қатарына енгізілді.

Жиында арнайы слайдтар арқылы жағажай маңындағы кейбір кәсіпкерлік нысандардың қазіргі жағдайы көрсетіліп, бірқатар кемшіліктер анықталды. Осыған байланысты жауапты тұлғаларға барлық олқылықтарды жаз маусымы басталғанға дейін толық жою жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Комиссия отырысында су айдындарындағы қауіпсіздікке қатысты өзге де мәселелер қаралып, жауапты сала басшыларына қатаң бақылау орнату міндеттелді.

Жиында қаралған келесі мәселе – аудан аумағында орман және дала өрттерінің алдын алу шаралары болды. Бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының директоры Х. Қаниев баяндама жасады.

Аудан әкімі орман және дала өрттерінің алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, барлық қажетті ұйымдастырушылық және жедел шараларды дер кезінде қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар, шаруа қожалықтары тарапынан егістік, жайылым және шабындық алқаптарындағы құрғақ шөптерді өртеу жұмыстары тек бекітілген талаптарға сәйкес және қатаң бақылаумен жүргізілуі керектігі ескертілді.

Отырыста Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу мәселесі де қаралды. Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы А. Сатекеева атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат берді.

Аудан әкімі бұл бағытта да бірқатар кемшіліктер бар екенін атап өтіп, жауапты мекемелерге қатаң ескерту жасады. Барлық елді мекендерде алдын алу шараларын күшейту, дезинфекциялық жұмыстарды уақытылы жүргізу және санитарлық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.

Жиын қорытындысында аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы азаматтардың қауіпсіздігіне қатысты барлық бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда болатынын атап өтіп, жауапты сала басшыларына тапсырмалардың орындалуын қатаң қадағалауды міндеттеді.

Advertisements