Аудан әкімі бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысты

54

Бүгін «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған сенбілік шараларының орындалу барысын бақылаған аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев қала аумағындағы бірқатар құрылыс нысандары мен абаттандыру аймақтарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына назар аударды.

Алдымен аудан әкімі қаланың кіреберіс бөлігінде, Тәжі Палуан көшесінде бой көтеріп жатқан бес мұнаралы зәулім мешіттің құрылыс алаңында болды. 1800 адамға шақталған бұл ірі рухани нысан ел азаматтарының қолдауымен салынуда. Қазіргі таңда мешіттің сыртқы қаптау жұмыстары толық аяқталып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар мешіт аумағында қосымша асхана ғимаратының құрылысы қатар атқарылып жатыр. Аудан әкімі құрылыс барысымен танысып, нысанның сәулеттік және сапалық талаптарға сай орындалуын қатаң бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.

Одан кейін өткен жылы пайдалануға берілген тұрғын үйлердің аумағын аралап, олардың сыртқы қоршау жұмыстары мен абаттандырылу деңгейін тексерді. Тұрғын үй аулаларының күтімі мен инфрақұрылымының жай-күйіне байланысты жауапты мекемелерге нақты ескертулер берілді.

Сондай-ақ Арал қаласының екі бөлігін жалғап тұрған аспалы көпірге барып, оның қазіргі техникалық жағдайымен танысты. 2025 жылы іске қосылған бұл маңызды инфрақұрылымдық нысан бүгінде халық игілігіне тұрақты қызмет етіп отыр.

Бұдан бөлек, аудан әкімі қала аумағында жүргізіліп жатқан сенбілік жұмыстарының барысын да назардан тыс қалдырмай, №220 мектеп жанындағы Ауған соғысы ардагерлерін еске алуға арналған аллеяның санитарлық және абаттандыру жағдайын көріп шықты.

Жалпы сенбілік аясында атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығын атап өткен аудан әкімі «Таза Қазақстан» бағдарламасы қоғамдағы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталғанын жеткізіп, барлық тұрғындарды туған қаланың тазалығына жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Advertisements