Балалардың қаупсіздігін қамтамасыз ету мәселесі пысықталды

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен әкімдік мәжілісі өтіп, онда оқу жылының аяқталуы және балалардың жазғы демалысын қауіпсіз әрі сапалы ұйымдастыру мәселелері кеңінен қаралды. Сонымен қатар жиында бірқатар өзекті әлеуметтік және қоғамдық қауіпсіздікке қатысты мәселелер талқыланды.
Мәжілісте Үкімет отырысы мен облыстық деңгейде өткен жиындарда көтерілген негізгі бағыттар – балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жазғы кезеңде болуы мүмкін қауіп-қатерлердің алдын алу мәселелері күн тәртібіне шығарылды.
Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы балалар қауіпсіздігі – ең маңызды басымдықтардың бірі екенін атап өтіп, осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде күшейтуді тапсырды. Бұл ретте жауапты мекемелерге бақылауды күшейту, профилактикалық шараларды тұрақты жүргізу және қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз ету міндеттелді. Сондай-ақ аудандық полиция бөліміне қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында күшейтілген режимде жұмыс істеу тапсырылды.
Жиында алдағы Құрбан айт мерекесі қарсаңында қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау, мереке күндері тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тиісті санитарлық талаптардың орындалуын қадағалау мәселелері де қаралды. Осыған байланысты қала, кент және ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар берілді.
Сонымен қатар, алдағы уақытта пайдалануға берілетін әлеуметтік нысандардың құрылыс сапасы, құжаттандыру рәсімдерінің заң талаптарына сәйкестігі және санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы бойынша бірқатар мәселелер пысықталды.
Мәжіліс барысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы сенбілік жұмыстарын жандандыру, елді мекендердегі санитарлық тазалық деңгейін арттыру және коммуналдық қызметтердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мәселелері де назарға алынды. Қала аумағындағы бірқатар кемшіліктер арнайы слайд арқылы көрсетіліп, оларды жою бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы көтерілген мәселелер мен анықталған кемшіліктерді жою жұмыстары қатаң бақылауда болатынын ескертіп, барлық тапсырмалардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді міндеттеді.







