Қармақшы ауданында жасанды интеллектіні енгізу және цифрландыру мәселелері талқыланды

55

Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа деңгейге көтеру және заманауи технологияларды кеңінен енгізу мақсатында 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялаған болатын. Осыған байланысты бүгін аудан әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтіп, күн тәртібінде цифрлық технологияларды дамыту және жасанды интеллектіні экономиканың түрлі салаларына енгізу мәселелері қаралды.

Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім және мекеме басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері қатысып, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттерді талқылады.

Мәжіліс барысында аудан әкімі Жандос Еркінбек Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталып, жасанды интеллект технологиялары қазіргі таңда әлемдік дамудың басты қозғаушы күштерінің біріне айналғанын атап өтті.

– Президентіміз елімізді бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде дамыту үшін Үкіметке экономиканың барлық саласына жасанды интеллект технологияларын енгізуді және жұмыс тәсілдерін жаңғыртуды тапсырды. Бұл міндет тек республикалық деңгейде ғана емес, аудан деңгейінде де сапалы ұйымдастырылуы қажет. Заманауи технологияларды тиімді пайдалану арқылы мемлекеттік қызметтердің сапасын арттырып, басқару жүйесінің тиімділігін күшейтуіміз керек, – деді аудан басшысы.

Жиында цифрландыру саласындағы маңызды бағыттардың бірі ретінде кадрлардың біліктілігін арттыру мәселесі кеңінен талқыланды. Өйткені жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды тиімді қолдану үшін ең алдымен осы салада жұмыс істейтін мамандардың білім деңгейі мен кәсіби құзыреттілігін арттыру қажет.

Осы мақсатта аудан көлемінде «IT Park Qarmaqshy» филиалын ашу жоспарланып отыр. Аталған жоба жастардың цифрлық сауаттылығын арттыруға, бағдарламалау, робототехника, жасанды интеллект және басқа да заманауи технологиялар бағытында білім алуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл бастама жас мамандардың жаңа кәсіптерді игеруіне жол ашып, ауданның инновациялық әлеуетін арттыруға ықпал етпек.

Мәжіліс барысында аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұлов аудан көлеміндегі көркейту-көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары бойынша баяндама жасады. Ол атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту, жасыл аймақтарды көбейту және қоғамдық орындарды абаттандыру бағытында қолға алынған шаралар туралы мәлімет берді.

Сондай-ақ жиында кент және ауылдық округтердегі арнайы техникалардың жай-күйі талқыланып, коммуналдық қызметтердің материалдық-техникалық базасын нығайту мәселелері қаралды. Бұл бағыттағы жұмыстардың сапалы әрі үздіксіз жүргізілуі үшін жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі – Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу шаралары болды. Бұл жөнінде аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Әлия Идрисова баяндама жасап, эпидемиологиялық ахуал мен атқарылып жатқан профилактикалық жұмыстар туралы ақпарат берді. Сонымен қатар тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын күшейту және залалсыздандыру шараларын уақытылы жүргізу қажеттігі айтылды.

Жазғы маусымның жақындауына байланысты суға шомылу кезеңіндегі қауіпсіздік мәселесі де ерекше назарға алынды. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Өмірбек Сақтабаев баяндама жасап, су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын сақтау, рұқсат етілмеген орындарда шомылудың алдын алу және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту бағытында атқарылатын шараларға тоқталды.

Жиын қорытындысында аудан әкімі Жандос Еркінбек қаралған барлық мәселелердің маңыздылығын атап өтіп, жауапты бөлім және мекеме басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар тапсырмалардың уақытылы әрі сапалы орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды қатаң тапсырды.

Ауданда цифрландыруды дамыту, жасанды интеллект технологияларын енгізу, санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады.

Advertisements