Қармақшы ауданында инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысы талқыланды

45

Бүгін аудан әкімі Жандос Еркінбектің қатысуымен өткен мәжілісте ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұлов құрылыс, сәулет және қала құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары мен жолаушылар көлігі салаларында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кеңейтілген баяндама жасады.

Мәжілісте аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан ірі инфрақұрылымдық жобалардың орындалу барысы жан-жақты талқыланып, жауапты мекемелердің алдағы міндеттері айқындалды.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – Байқоңыр қаласын сумен жабдықтау және сумен бұру жүйелерін реконструкциялау жобасы болды. Аталған жоба өңірдің коммуналдық инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі саналады.

Баяндама барысында жоба аясында жалпы ұзындығы 94,6 шақырым болатын су құбырлары мен 84,6 шақырым кәріз желілерін жаңарту көзделгені айтылды. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп, инженерлік инфрақұрылымды жаңарту бағытында нақты шаралар қолға алынған.

Бұл жоба толық іске асқан жағдайда тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі артып, сумен жабдықтау және кәріз жүйелерінің сенімділігі едәуір жақсаратын болады.

Сонымен қатар мәжілісте Жосалы және Төретам кенттеріндегі теміржол вокзалдарына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысы қаралды.

Бүгінде аталған нысандарда ішкі әрлеу жұмыстары, шатыр жабындарын жаңарту, инженерлік желілерді орнату және аумақтарды абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін вокзалдардың қызмет көрсету сапасы артып, жолаушылар үшін қолайлы әрі заманауи жағдай қалыптасады деп күтілуде.

Аудан басшысы теміржол вокзалдары тұрғындар мен қонақтар үшін ауданның келбетін айқындайтын маңызды нысандардың бірі екенін атап өтіп, жұмыстардың сапасына ерекше назар аударуды тапсырды.

Жиында аудандық маңызы бар «Төретам–Ақай» айналма автомобиль жолын күрделі жөндеу мәселесі де көтерілді. Аталған жол аудан тұрғындары үшін стратегиялық маңызға ие бағыттардың бірі болып табылады.

Биыл жолдың қалған 1,8 шақырым бөлігіне күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда мердігер мекеме тарапынан ескі жол жамылғысын бұзу, жер төсемін дайындау және тегістеу жұмыстары жүргізілуде.

Жол құрылысы толық аяқталғаннан кейін көлік қозғалысының қауіпсіздігі артып, елді мекендер арасындағы қатынас сапасы жақсарады деп күтілуде.

Мәжілісте ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі – елді мекендерді табиғи газбен қамту мәселесі де қаралды.

Атап айтқанда, Иіркөл және Төребай би ауылдарында жүргізіліп жатқан газдандыру жұмыстарының орындалу барысы туралы ақпарат берілді.

Бүгінде Төребай би ауылында табиғи газ тарту жұмыстары 80 пайызға жуық аяқталған. Қазіргі уақытта 90-нан астам тұрғын үйге газ қосу нүктелері орнатылып, ішкі желілерді жүргізу жұмыстары жалғасуда.

Ал Иіркөл ауылында газ құбырларын тарту жұмыстары 60 пайыз деңгейінде орындалған. Жоба толық іске асқаннан кейін ауыл тұрғындары көгілдір отынның игілігін көріп, тұрмыс сапасы жақсара түседі.

Күн тәртібінде сондай-ақ Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясындағы жұмыстар да қаралды.

Бүгінде аудан көлемінде санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарын жүргізуге барлық мекемелер, ұйымдар, еріктілер және арнайы техникалар жұмылдырылған. Елді мекендердің көшелері, саябақтар, қоғамдық орындар мен әлеуметтік нысандардың аумақтарында тазалық шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

Аудан басшысы қоршаған ортаның тазалығы мен елді мекендердің көркейтілуі тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететінін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі жалғасуы қажеттігін айтты.

Мәжіліс қорытындысында Жандос Еркінбек барлық жауапты сала басшыларына жүзеге асырылып жатқан жобалардың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды.

– Әрбір жоба тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Сондықтан құрылыс және жөндеу жұмыстары сапалы орындалып, белгіленген мерзімде пайдалануға берілуі қажет. Тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды күшейтіп, барлық жобаларды тұрақты бақылауда ұстауымыз керек, – деді аудан басшысы.

Жиын соңында жауапты бөлімдер мен мекеме басшыларына нақты тапсырмалар жүктеліп, олардың орындалуы тұрақты бақылауда болатыны ескертілді.

Advertisements