Ақтөбе ауылдық округінде жастар арасында облыстық футбол турнирі өтті

Жастарды бұқаралық спортқа тарту, салауатты өмір салтын насихаттау және жастар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту бағытындағы жұмыстар ауданымызда жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп, жастардың спортпен тұрақты айналысуына қолайлы жағдай жасау міндетін айқындаған болатын. Осыған сәйкес аудан әкімінің тапсырмасымен Ақтөбе ауылдық округінде жастар арасында футболдан облыстық турнир ұйымдастырылды.
Дәстүрлі спорттық шараның басты мақсаты – жастар арасында спортты кеңінен насихаттау, дене шынықтыру мәдениетін қалыптастыру, жастар ұйымдары арасындағы өзара байланысты нығайту және жас спортшылардың шеберлігін шыңдау болып табылады.
Ауқымды додаға облыстың әр өңірінен келген жастар ұйымдары мен аудандық жастар ресурстық орталықтарының командалары қатысып, өзара бақ сынады. Жалпы турнирге 7 командадан 100-ге жуық жас спортшы қатысып, жасыл алаңда тартысты ойын өрнегін көрсетті.
Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев пен облыстық «AMANAT» партиясы филиалының төрағасы Жандос Базартай арнайы қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Өз сөзінде Диас Молдабаев жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда спорттың орны ерекше екенін атап өтті.
– Спорт – денсаулықтың кепілі ғана емес, тәртіп пен табандылықтың мектебі. Осындай жарыстар жастарды бірлікке, достыққа және жеңіске ұмтылуға тәрбиелейді. Бүгінгі турнирдің басты жеңісі – жастардың спортқа деген қызығушылығы мен белсенділігі. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді ол.
Ал Жандос Базартай жастардың қоғам дамуындағы рөліне тоқталып, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған бастамалардың алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
Турнир барысында командалар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, көрермендерге қызықты әрі тартысты ойын сыйлады. Әрбір кездесу шиеленісті сәттерге толы болып, қатысушылар жеңіске деген жігері мен шеберлігін паш етті. Жас футболшылар алаңда ұйымшылдық пен командалық рухтың жарқын үлгісін көрсетті.
Бірнеше кезең бойынша өткен жарыстың қорытындысы нәтижесінде жүлделі орындар анықталды.
Турнир қорытындысы бойынша І орынды «Жастар рухы» командасы жеңіп алып, жарыстың бас жүлдесіне ие болды. Ал ІІ орын Жалағаш ауданының командасына бұйырса, ІІІ орынды Сырдария ауданының құрамасы иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар, кубоктар және қаржылай сыйлықтар табысталып, олардың спорттағы жетістіктері жоғары бағаланды.
Сонымен қатар турнир аясында ерекше ойын өрнегін көрсеткен спортшылар да арнайы марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, «Үздік қорғаушы», «Үздік ойыншы», «Үздік шабуылшы» және «Үздік қақпашы» номинациялары бойынша үздік танылған қатысушыларға арнайы сыйлықтар мен дипломдар табысталды.
Айта кету керек, мұндай спорттық жарыстар жастардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың достық қарым-қатынасын арттыруға, белсенді өмір салтын қалыптастыруға және жаңа жетістіктерге ұмтылуына үлкен мүмкіндік береді.
Жастар арасында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған осындай маңызды шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, жас буынның спортқа деген қызығушылығын арттыруға қызмет ететін болады.







