«Мәдениетім – мәртебем»: мәдениет және өнер қызметкерлері күні аталып өтті

Қай кезеңде де мәдениет пен өнер – ұлт руханиятының алтын арқауы болып саналады. Өнер арқылы халықтың тарихы, салт-дәстүрі, рухани құндылықтары ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, ұлттық бірегейліктің сақталуына негіз болады. Осы тұрғыдан алғанда мәдениет саласында еңбек етіп жүрген мамандардың қоғамдағы орны ерекше.
Осыған орай бүгін Шамшат Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде аудан әкімінің тапсырмасымен 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған «Мәдениетім – мәртебем» атты салтанатты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Тағылымды кешке ауданның мәдениет саласының қызметкерлері, шығармашылық ұжымдар, өнер майталмандары, сала ардагерлері және аудан тұрғындары қатысты. Шараның басты мақсаты – мәдениет пен өнер саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегін дәріптеу, олардың ел руханиятын дамытуға қосқан үлесін атап өту және жас буынға үлгі ету болды.
Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев сөз сөйлеп, мәдениет қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде Қармақшы өңірінің рухани-мәдени дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан сала мамандарына алғысын білдіріп, олардың еңбегін жоғары бағалады.
– Жүз жырауын жүзіктеген қасиетті Қармақшы жерінде мәдениет пен өнердің тамыры терең. Бүгінгі таңда осы саланың дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан мәдениет қызметкерлерінің еңбегі ерекше құрметке лайық. Өнер – ұлттың рухани айнасы. Сол айна арқылы біз өз болмысымызды, тарихымызды және мәдениетімізді танимыз. Сіздердің еңбектеріңіз – ел руханиятының дамуына қосылған үлкен үлес. Халықтың ықыласына бөленіп, өнер биігінен көріне беріңіздер, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Іс-шара барысында мәдениет саласының бірқатар қызметкерлері облыс әкімі мен аудан әкімінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды. Сонымен қатар сала ардагерлері мен белсенді мамандарға «Қазақстан салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің «Еңбек даңқы» төсбелгісі, сондай-ақ мәдениет басқармасы басшысының алғыс хаттары табысталды.
Марапаттау рәсімі сала қызметкерлерінің еңбегіне көрсетілген зор құрметтің айқын көрінісі болып, олардың мәдениет пен өнерді дамытудағы жүйелі жұмыстарының жоғары бағаланғанын көрсетті.
Салтанатты кеш одан әрі мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты. Аудан өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдар сахна төрінде ән мен күйден шашу шашып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Қазақтың халық әндері, дәстүрлі күйлер және заманауи шығармалар кештің мазмұнын байытып, көпшілікке ерекше әсер қалдырды.
Айта кету керек, мәдениет және өнер қызметкерлерінің еңбегін дәріптеуге арналған бұл кәсіби мереке елімізде 2013 жылдан бастап ресми түрде аталып келеді. Бұл күн – рухани құндылықтарды сақтап, ұлттық мәдениетті дамыту жолында аянбай еңбек етіп жүрген мамандарға деген құрметтің айғағы.







