Студент жастармен әскери-патриоттық бағыттағы кездесу өтті

29

Бүгін Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінде студент жастармен еркін форматтағы кездесу ұйымдастырылды. Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру, әскери-патриоттық тәрбиені күшейту және азаматтарды Отан алдындағы конституциялық борышын өтеуге шақыру болды.

Тағылымдық кездесуге аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің мамандары, колледж әкімшілігі және студент жастар қатысты.

Кездесу барысында жастармен ашық пікір алмасу ұйымдастырылып, әскери қызметтің маңызы, оның жастардың тұлғалық қалыптасуындағы рөлі және мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жауапкершілігі туралы кеңінен әңгіме өрбіді.

Аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов өз сөзінде елдің тыныштығы мен тәуелсіздігін сақтау әрбір азаматтың қасиетті парызы екенін атап өтті.

– Егемен еліміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығы ең алдымен елін сүйетін, Отан алдындағы жауапкершілігін сезінетін жастардың қолында. Әскери қызмет – тек азаматтық борыш қана емес, ол тәртіп пен жауапкершіліктің, шыдамдылық пен патриотизмнің мектебі. Сондықтан әрбір жас өз елінің алдындағы міндетін абыроймен атқаруға дайын болуы керек, – деді Дәурен Оңғарбайұлы.

Кездесу барысында жастарға әскери борышын өтеген азаматтарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары жөнінде жан-жақты ақпарат берілді. Атап айтқанда, мерзімді әскери қызмет өткерген жастардың жоғары оқу орындарына грант негізінде түсу мүмкіндіктері, әскери қызметті келісімшарт негізінде жалғастырудың артықшылықтары және әлеуметтік қолдау тетіктері түсіндірілді.

Сонымен қатар әскери салада қызметін жалғастырған азаматтарға тұрғын үймен қамтамасыз ету, тұрақты жалақы алу, кәсіби білімін жетілдіру және мансаптық өсу мүмкіндіктері қарастырылғаны айтылды. Бұл өз кезегінде жастардың болашақ мамандығын таңдауда және тұрақты жұмысқа орналасуында маңызды рөл атқаратыны атап өтілді.

Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім мамандары әскери қызметке шақыру тәртібі, медициналық тексеруден өту кезеңдері, әскери бөлімдердегі қызмет жағдайы және әскери қызметшілерге берілетін жеңілдіктер туралы кеңінен түсіндірді.

Еркін форматта өткен кездесуде студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, әскери қызметтің ерекшеліктері, әскери жоғары оқу орындарына түсу талаптары, әскери мамандықтардың болашағы мен әлеуметтік кепілдіктер туралы пікір алмасты. Кездесуге қатысушылар тарапынан қойылған барлық сұрақтарға нақты жауаптар берілді.

Шара соңында жастар Отан қорғаушылар қатарына қосылудың маңыздылығын түсініп, әскери қызметтің жастар үшін үлкен өмір мектебі екенін атап өтті. Сонымен қатар студенттер ұйымдастырылған кездесудің мазмұнды әрі пайдалы өткенін айтып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Осындай кездесулер жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға, патриоттық рухын нығайтуға және әскери қызметтің қоғамдағы маңызын кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды шаралардың бірі болып табылады.

Advertisements