Қазалы ауданында Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты шара өтті

38

Қазалы ауданында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік салтанатты шара ұйымдастырылды. Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында өткен іс-шараға ауданның зиялы қауымы, құқық қорғау органдарының өкілдері және бірқатар сала мамандары қатысты.

Шарада аудан әкімі Алмасбек Есмаханов сөз сөйлеп, ел дамуына елеулі үлес қосып жүрген барша ер азаматтарды мерекемен құттықтады.

Аудан басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әскери қызметшілер мен күштік құрылымдардың ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі туралы айтқан пікірін мысалға келтіріп, Қазақстан Қарулы Күштерінің бейбіт өмірдің берік тірегі екенін атап өтті.

– Қарулы күштеріміз – Тәуелсіздігіміздің берік қалқаны. Олар еліміздің тыныштығын, жеріміздің тұтастығын күзетіп тұр. Құтқарушылар мен құқық қорғау саласының қызметкерлері де халық қауіпсіздігі жолында тынымсыз еңбек етуде. Осындай ер азаматтардың еңбегі – шынайы патриотизмнің айқын көрінісі, – деді аудан әкімі.

Сонымен қатар аудан басшысы батыр Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс – күймейсің!» деген қанатты сөзін тілге тиек етіп, ел қорғаны болған азаматтарға алғысын білдірді. Ол ұлттық әскердің мәртебесі әрдайым жоғары болып, елдің тыныштығы мен тұрақтылығы нығая беруіне тілектестік айтты.

Мерекелік жиында аудан әкімі Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары қызметіне тағайындалуына орай Қазалы жұртшылығы атынан құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ оның өңірдің дамуына қосқан үлесі мен ауданға бағытталған қолдауы үшін алғыс білдірілді.

Салтанатты шара барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар облыс және аудан әкімінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды.

Іс-шара соңы патриоттық әндер шырқалған концерттік бағдарламаға ұласып, қатысушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Advertisements