Қазалыда байланыс қызметкерлері күні аталып өтті

28

17 мамыр – Байланыс қызметкерлері күніне орай аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов Қазалы ауданында байланыс және телекоммуникация саласының қызметкерлері мен сала ардагерлерін қабылдап, мерекемен құттықтады.

Шара барысында ол байланыс саласының қоғам дамуындағы стратегиялық маңызын атап өтіп, цифрлық дәуірдегі ақпарат алмасудың жылдамдығы мен сапасы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал ететінін жеткізді.

– Байланыс саласы – халық пен мемлекетті, өңірлер мен елдерді байланыстыратын маңызды сала. Бүгінде ауданымызда интернет желісін кеңейту, ұялы байланыс сапасын арттыру, цифрлық қызметтердің қолжетімділігін күшейту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бұл ретте сіздердің еңбектеріңіз зор құрметке лайық, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ ол аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың құттықтауын жеткізіп, сала ардагерлері мен қызметкерлерін Алғыс хаттармен марапаттады.

Бүгінде аудан бойынша талшықты-оптикалық байланыс желісімен Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы және 18 елді мекен қамтылған. Бұл жалпы қамтылу деңгейінің 47,6 пайызын құрайды. «Қазақтелеком» АҚ арқылы 10 елді мекен, ал «Транстелеком» АҚ арқылы тағы 10 елді мекен жоғары жылдамдықты интернетке қосылған. Сонымен қатар «Ауыл Online» жобасы аясында 2027–2028 жылдары 17 елді мекенге талшықты-оптикалық желі тарту жоспарланып отыр.

Қазалы аудандық пошта торабы құрамында 17 байланыс бөлімшесі жұмыс істеп, 56 маман қызмет атқарады. «Қазпошта» АҚ қазіргі таңда заманауи техникалық құралдармен жабдықталып, 150-ден астам заңды тұлғаға және тұрғындарға банк қызметтерін ұсынуда. Бірқатар елді мекендерде серіктес банктер арқылы несие мен депозит рәсімдеу қызметтері де көрсетілуде.

Мерекелік басқосу соңында мәдениет орталығы өнерпаздары әсем ән шырқап, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Advertisements