Каналдарға механикалық тазалау жұмыстары жүріп жатыр

Биыл Қазалы ауданында су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту және ирригациялық жүйелердің тиімділігін арттыру бағытында бірқатар маңызды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, егістік алқаптардың суармалы мүмкіндігін кеңейтуге және жайылымдық-шабындық жерлердің өнімділігін арттыруға бағытталған.
Атап айтқанда, ауданның сол жағалау алабында орналасқан 1-ГД, 2-ГД және К-3-2 қашыртқылар жүйесін реконструкциялау және механикалық тазалау жұмыстары бастау алды. Жоба аясында 6 аумаққа 19 дана насос қондырғысын орнату жоспарланған. Сонымен қатар жалпы ұзындығы 89,94 шақырым болатын қашыртқылар толық механикалық тазалаудан өтеді. Бұл шаралар су айналымын реттеп, артық суды тиімді шығару жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Аталған жобаның жалпы құны 2 млрд 405 млн 497 мың теңгені құрайды. Қаржыландыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, 2026 жылға республикалық бюджет есебінен 801,832 млн теңге қаражат бөлінген.
Сонымен қатар, Қызылқұм ауылдық округі аумағындағы «Нартай» каналына да механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 2-ГД қашыртқысы бойынша тазарту жұмыстары жоспарға сәйкес атқарылып жатыр. Канал жүйесін жаңарту арқылы су өткізу қабілетін арттыру және ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен қамту деңгейін жақсарту көзделген.
Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов тиісті сала басшыларымен бірге Бозкөл ауылдық округі аумағындағы 2-ГД қашыртқылар жүйесінде жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Сондай-ақ Қызылқұм ауылдық округіндегі «Нартай» каналындағы механикалық тазалау жұмыстарын көріп, мердігер мекемелердің жұмыс сапасы мен қарқынына назар аударды.
Аталған жұмыстардың нәтижесінде 2-ГД қашыртқылар жүйесін тазалау Өркендеу және Аранды ауылдық округтеріндегі егістік алқаптардан суды тиімді бұрып әкетуге мүмкіндік береді. Ал «Нартай» каналын тазарту «Жуанбалық» учаскесіндегі шабындық және жайылымдық жерлерге судың еркін жетуін қамтамасыз етіп, мал азығы қорын қалыптастыруға оң әсерін тигізеді.
Аудан әкімі мердігер ұйымдарға жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды қатаң ескертіп, бұл бағыттағы жобалардың ауыл шаруашылығы үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті. Су инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары алдағы кезеңде де тұрақты бақылауда болып, жүйелі түрде жалғасын табатын болады.







