Сырдарияда жүгері өндірісін дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда

67

Сырдария ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласын дамыту және су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – құны 40 млрд теңгені құрайтын «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» серіктестігінің жүгері дақылын терең өңдеу зауытының құрылысы. Бұл туралы аудан әкімі Берік Сәрменбаев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз конференциясында айтты.

Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын әртараптандыру және суды аз қажет ететін дақылдардың көлемін ұлғайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес Сырдария ауданында жаңа өндірістік жобаларды іске асыруға басымдық беріліп келеді. Осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі саналатын жүгеріні терең өңдеу зауыты өңірдің агроөнеркәсіп кешеніне тың серпін береді деп күтілуде.

Жоба аясында биыл алғашқы кезеңде өнім қабылдау қоймасы мен кептіру қондырғысын іске қосу жоспарланған. Кәсіпорын ағымдағы жылдың қазан айынан бастап жүгері өнімін қабылдайды. Алғашқы кезеңде өндіріс орнының өнім қабылдау қуаттылығы 20 мың тоннаны құрайды.

Өндірістік кешен толық пайдалануға берілгеннен кейін мұнда 500 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл аудан тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып қана қоймай, өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Жаңа зауыттың іске қосылуына байланысты аудан шаруашылықтары да егіс құрылымын өзгерту жұмыстарын қолға алды. Биыл Сырдария ауданында 738 гектар жерге жүгері дақылы егілді. Бұл көрсеткіш алдағы жылдары өндіріс қажеттілігіне қарай кезең-кезеңімен ұлғайтылатын болады.

Жүгеріні терең өңдеу жобасы шикізат өндірумен ғана шектелмей, қосылған құны жоғары өнім шығаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыруға, су ресурстарын тиімді пайдалануға және өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыруға ықпал етеді.

Баспасөз конференциясында аудан әкімі қазіргі таңда агроөнеркәсіп кешенін дамытуда өндіріс пен өңдеуді қатар дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, өңдеу өнеркәсібін дамыту арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі артып, жергілікті өнімнің экспорттық әлеуеті де күшейеді.

Ірі инвестициялық жобаның жүзеге асуы Сырдария ауданында жаңа өндірістік бағыттың қалыптасуына жол ашып, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу саласының дамуына негіз қалайды. Сонымен қатар бұл бастама өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, экономиканың нақты секторын дамытуға тың серпін береді.

Advertisements