Берік Сәрменбаев: Егіншілік бағытында лазерлік тегістеу жұмыстары қарқын алды

Сырдария ауданында агроөнеркәсіп кешенін дамыту, егін шаруашылығын әртараптандыру және су ресурстарын тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар биыл да жүйелі жалғасуда. Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында ауданда заманауи технологияларды енгізу, өнімділікті арттыру және су үнемдеу шараларына ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл туралы аудан әкімі Берік Сәрменбаев 2026 жылдың І жартыжылдығын қорытындылауға арналған баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Аудан экономикасының негізгі тіректерінің бірі саналатын ауыл шаруашылығы саласында биыл ауқымды жұмыстар қолға алынды. 2026 жылы аудан бойынша 32 473 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде негізгі егіс көлемін 18 541 гектар күріш алқабы құрап отыр. Сонымен қатар егін шаруашылығын әртараптандыру мақсатында жаздық бидай, мақсары, соя, жүгері, жоңышқа және көкөніс-бақша дақылдарының көлемі де сақталды.
Биыл 1885 гектарға жаздық бидай, 395 гектарға мақсары, 105 гектарға соя, 738 гектарға жүгері, 2200 гектарға жаңа жоңышқа, 7800 гектарға ескі жоңышқа, сондай-ақ 809 гектарға картоп, көкөніс және бақша дақылдары егілді. Бұл ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыруға және су тұтынуды оңтайландыруға бағытталған нақты қадамдардың бірі.

Егіншілік мәдениетін жетілдіру бағытында жерді лазерлік тегістеу жұмыстары да қарқын алған. Биыл шаруашылық құрылымдары заманауи лазерлік жер тегістегіш техникалардың көмегімен 4000 гектар алқапқа тегістеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде аудан бойынша лазерлік тегістелген жер көлемі 80 пайыздан асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш.
Жерді лазерлік әдіспен тегістеу су шығынын азайтып қана қоймай, егістіктің біркелкі суарылуына, өнімділіктің артуына және өндіріс шығындарының төмендеуіне мүмкіндік береді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасады.
Соңғы жылдары қалыптасқан су тапшылығы жағдайында аудан шаруашылықтары су аз қажет ететін дақылдарға көшу жұмыстарын да қолға алды. Осыған сәйкес егіс құрылымын әртараптандыруға басымдық беріліп, жаңа өндірістік жобалар іске асырылуда.
Баспасөз конференциясында аудан әкімі агроөнеркәсіп кешенін дамыту тек егін көлемін ұлғайтумен шектелмейтінін атап өтті. Басты мақсат – заманауи технологияларды енгізу, су ресурстарын тиімді пайдалану және өңдеу өнеркәсібін дамыту арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
Бүгінде ауданда мемлекеттік бағдарламалардың қолдауымен аграрлық секторды жаңғырту, еңбек өнімділігін көтеру және шаруалардың табысын арттыру бағытындағы жұмыстар кешенді түрде жүргізілуде. Бұл өз кезегінде ауданның азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты дамуына негіз қалайды.
Берік Сәрменбаевтың айтуынша, алдағы кезеңде де ауыл шаруашылығын әртараптандыру, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу және агроөнеркәсіп кешенінің тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табады. Бұл аудан экономикасының негізгі саласының тұрақты дамуына және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға оң ықпал етпек.






