Сырдарияда кәсіпкерлікті дамыту мен инвестиция тарту жұмыстары қарқын алды

Сырдария ауданында кәсіпкерлікті қолдау, инвестициялық ахуалды жақсарту және жаңа өндірістерді іске қосу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсетіліп, жаңа бизнес бастамаларды жүзеге асыруға жан-жақты жағдай жасалуда. Бұл туралы аудан әкімі Берік Сәрменбаев 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысына арналған баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Аудан экономикасының тұрақты дамуына серпін беретін негізгі бағыттардың бірі – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту. Осы мақсатта мемлекеттік қолдау құралдарын тиімді пайдалану арқылы кәсіпкерлердің жаңа жобаларды жүзеге асыруына және өндіріс көлемін ұлғайтуына мүмкіндік жасалып келеді.
2026 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша Сырдария ауданында 2354 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде 2314 кәсіпкерлік субъектісі тұрақты жұмыс істеп, белсенділік деңгейі 98,3 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш аудандағы кәсіпкерлік ортаның тұрақты дамып келе жатқанын және мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін көрсетеді.
Жыл басынан бері мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында жалпы құны 1,7 млрд теңгені құрайтын 70 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді.
Атап айтқанда, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы Қалжан ахун ауылында жүзеге асырылатын «Құм блогын өндіру» жобасына 13,5 млн теңге бөлінді.

Сонымен бірге «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жалпы құны 367,4 млн теңгені құрайтын 48 жоба қаржыландырылды. Бағдарлама шеңберінде ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын дамытуға басымдық беріліп, әртүрлі бағыттағы жобаларға жеңілдетілген несие ұсынылды.
Оның ішінде 19 мал шаруашылығы жобасына – 154,0 млн теңге, 9 арнайы техника сатып алу жобасына – 87,0 млн теңге, 12 өңдеу өнеркәсібі жобасына – 81,2 млн теңге, 1 балық шаруашылығы жобасына – 10,8 млн теңге және басқа бағыттағы 7 бизнес-жобаға – 34,4 млн теңге көлемінде қолдау көрсетілді.
Кәсіпкерлерді қаржыландыру жұмыстары мұнымен шектелген жоқ. «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы жалпы құны 947,7 млн теңгенің 11 жобасы қолдау тапты.
Сонымен қатар «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының Қызылорда филиалы арқылы жалпы құны 185,3 млн теңгеге 9 ауыл шаруашылығы техникасы мен құрал-жабдығы сатып алынды. Бұл ауыл шаруашылығы өндірісін жаңғыртуға және еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, құны 160 млн теңгені құрайтын «Шаған» фермер қожалығының «Күріш өсіру» жобасы екінші деңгейлі банк тарапынан кепілдендіріліп, ірі инвестициялық бастамалардың жүзеге асуына қолдау көрсетілді.
Баспасөз конференциясында аудан әкімі кәсіпкерлікті дамыту – жаңа жұмыс орындарын құрудың, халықтың табысын арттырудың және аудан экономикасын әртараптандырудың маңызды тетігі екенін атап өтті. Осы бағыттағы мемлекеттік қолдау шаралары мен инвестициялық жобалар алдағы уақытта да жалғасып, өңірдің экономикалық әлеуетін нығайтуға бағытталады.
Кәсіпкерлік белсенділіктің артуы, жеңілдетілген қаржыландыру тетіктерінің тиімді іске асырылуы және өндірістік жобалардың көбеюі Сырдария ауданында бизнесті дамытуға қолайлы орта қалыптасқанын көрсетеді.







