Сырдария ауданында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері оң қарқын сақтауда

Сырдария ауданында 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша тұрақты өсім қалыптасты. Өнеркәсіп өндірісі, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті дамыту және бюджет кірістерін ұлғайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып, аудан экономикасының тұрақты дамуына негіз қаланды. Бұл туралы аудан әкімі Берік Сәрменбаев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Баспасөз мәслихатында аудан басшысы жыл басынан бері негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің барлығы бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік бағдарламалардың тиімді орындалуы мен инвестициялық белсенділіктің артуы аудан экономикасының дамуына оң ықпал етуде.

Жыл басында аудан бюджеті 10 млрд теңге көлемінде бекітілсе, шілде айындағы нақтылау нәтижесінде оның көлемі 13 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Оның ішінде 6,1 млрд теңге – жергілікті кірістер, 3 млрд теңге – трансферттер, ал 3,9 млрд теңге – бюджеттік кредиттер есебінен қалыптасты. Бұл ауданның қаржылық әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Өнеркәсіп саласында да жоғары нәтижелер тіркелді. 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін аудан кәсіпорындары 55,8 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш төрт есеге артты. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібінің көлемі 6,3 млрд теңгені құрап, 32,2 пайыздық өсімге қол жеткізілді. Бұл өңірдегі өндіріс орындарының қуаты артып, өңдеу секторындағы жобалардың нәтижелі жүзеге асырылып жатқанын аңғартады.
Экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің бірі саналатын инвестиция тарту жұмыстары да оң нәтиже берді. Есепті кезеңде ауданға 42,5 млрд теңге көлемінде негізгі капиталға инвестиция тартылып, өсім 3 пайызды құрады. Ал бөлшек сауда көлемі 1,7 млрд теңгеге жетіп, жоспар 100,5 пайызға орындалды.
Аудан әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы тек сандық көрсеткіштермен ғана емес, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты жобалар арқылы жүзеге асып жатқанын атап өтті. Бүгінде өндіріс көлемін ұлғайту, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда.
Баспасөз конференциясында айтылғандай, аудан экономикасының барлық негізгі салаларындағы оң динамика алдағы уақытта да сақталып, мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылатын жаңа жобалар өңірдің тұрақты дамуына қосымша серпін бермек. Экономиканың нақты секторын қолдау, өндірістік әлеуетті арттыру және инвестициялық тартымдылықты күшейту бағытындағы жұмыстар ауданның ұзақ мерзімді дамуының негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді.






