Мемлекет басшысы: «Ұлттық қор – қазіргі және келешек ұрпақтың игілігі үшін»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Ұлттық қордың негізгі міндетіне тоқталып, ел байлығын келешек ұрпақтың игілігіне жарату және адам капиталын дамыту маңызды екенін атап өтті.
«Ұлттық қордың ең басты мақсаты, миссиясы – ел байлығын ұқыпты ұстау және одан әрі арттыру, сондай-ақ оны қазіргі және келешек ұрпақтың игілігіне жарату.
Ұлттық қор көп жылдар бойы осы негізгі міндетті лайықты орындап келеді, яғни қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге зор үлес қосуда.
Жас ұрпақтың игілігін ойласақ, бұл бағытта қазірден бастап нақты әрі батыл қадамдар жасауымыз керек. Өзекті мәселелерді кейінге қалдыруға болмайды. Әр мәселе өз шешімін табуға тиіс. Басты талап – осы. Кейінгі буынға өркениетті, озық, жаңарған мемлекетті аманат етуіміз керек. Бұл – біздің міндетіміз және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз.
Болашақ ұрпақ алдындағы тарихи жауапкершілік оларға есепшоттарда ақша жинағын қалдырумен ғана шектелмейді деп терең сенемін. Біз ұрпаққа технологиялық тұрғыдан дамыған, бәсекеге қабілетті экономикасы қалыптасқан, заманауи инфрақұрылымы мен жоғары өмір сүру стандарттары бар, әр азаматтың өзін-өзі дамытуына мүмкіндік беретін сапалы жаңа ел құрып, аманат етуіміз керек.
Бұл – біздің басты міндетіміз, тіпті тарихи ауқымдағы миссиямыз десек те болады.
Бұл – адам капиталын дамытуға, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға, яғни ел болашағына салынатын ұзақ мерзімді инвестиция», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.






