Жол сапасы: 1,2 мыңнан астам сынаманың 11%-ы талапқа сай емес

63

Премьер-министр Олжас Бектенов Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында өңірдегі жол құрылысымен танысты.  «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізін дамытуда стратегиялық маңызға ие учаскелердің бірі – «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» тас жолы. 262 шақырымдық жол 8 учаскеге бөлініп салынып жатыр.

Оның  алғашқы 28 шақырымында жұмыстар толықтай аяқталған. Жобаның жалпы құны 496,3 млрд теңге. Құрылыс аяқталғаннан кейін жүк пен жолаушы тасымалына кететін уақыт қысқарып, өңірдің транзиттік әлеуеті артады.  Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев Үкімет басшысына автомобиль жолдарын дамыту және жөндеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Сондай-ақ жол құрылысына қолданылатын материалдардың сапасын арттыру мақсатында қабылданып жатқан шаралар жөнінде де айтты. 2024-2026 жылдары өңірде мың км жуық жол жөнделді. Бұл мақсатқа 109 млрд теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстары мен қолданылатын материалдардың сапасына, ауыр жүк көліктерін бақылауға ерекше назар аударылды. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мекемесінің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері 1,2 мыңнан аса жол-құрылыс материалы сынамасының 11% талаптарға сай келмеген. Премьер-министрге жол жабының сақтау мақсатында салмақтық бақылау күшейгені баяндалды. Соңғы он айда 4,3 мың заңбұзушылық анықталған.  Дегенмен, салада оң өзгерістер де бар. Облыстағы жолдардың нормативтік талаптарға сай келетін үлесі 78%-дан 84%-ға дейін өсті. Алдағы 2-3 жыл көлемінде тағы 1,5 мың км жол жөнделіп, бұл көрсеткіш 95%-ға жетуі тиіс. Үкімет басшысы реконструкциялау жұмыстарын белгіленген уақытта аяқтап, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қатаң бақылауды тапсырды.

Advertisements