Қызылорда облысында жедел кеңес өтті

138

Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Серік Ергешовтің төрағалығымен жедел кеңес өтті. Күн тәртібінде төрт мәселе қаралып, полиция қызметінің өзекті бағыттары бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелері талқыланды. Кеңесте қаралған маңызды мәселелердің бірі – “Қарасора — 2026” жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысы.

Есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы күрес бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижелері, анықталған құқық бұзушылықтар мен олардың алдын алу шаралары талқыланды. Осы жылдың 1 маусым – 31 қазан аралығында республика көлемінде “Қарасора — 2026” арнайы жедел профилактикалық іс-шарасы өтті.

Іс-шара кезінде барлығы 195 есірткі құқық бұзушылықтары анықталса, оның ішінде 64 дерегі есірткі өсіру, 12 дерегі есірткі өткізу, 6 дерегі есірткіні аса ірі мөлшерде сақтау, 1 дерегі есірткіні тұтынуға көндіру және 112 дерегі есірткіге байланысты қылмыстық теріс қылықтар. Заңсыз айналымнан 727 келі 164 гр. есірткі заты, оның ішінде 711 келі 970 гр. сора өсімдігі, 13 келі 405 гр. марихуана, 46 грамм гашиш, 230 грамм көкнәр өсімдігі, 71 грамм синтетикалық есірткі заты тәркіленді. Мобильді бекеттерде қызметтік іздестіру иттерінің көмегімен есірткіге қатысты теріс қылықтардың 67 дерегі анықталды.

Департамент бастығы есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимылды күшейту, есірткі өсімдіктерін заңсыз өсіру деректерін анықтау және есірткі заттарының таралуына жол бермеу бағытындағы жұмыстың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар алдағы кезеңге арналған нақты міндеттер белгіленді. Қызметтік тәртіпті сақтау, жедел-профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша бірқатар тапсырмалар берілді.

Advertisements