Ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірі тыңдалды

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес елді мекендерді аралап, халықпен кездесулерді бастадық.
Бүгін бірқатар сала басшыларымен бірге Басықара, Құмжиек және Жалаңтөс батыр ауылдарына барып, тұрғындармен кездесіп, халықтың ұсыныс пікірлеріне құлақ түрдік. Үш ауылда да өткен кездесулерде алдымен елімізде Президентіміздің бастамасымен жүзеге асып жатқан реформалар, өңірде атқарылып жатқан игі жұмыстар мен алдағы міндеттер жайында тоқталып өттік.
-Биыл Президентіміз айтқандай еліміз ұлт жылнамасының жаңа парағын ашты. Мемлекет басшысының қатысуымен Қызылорда қаласында Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы өтті. Құрылтайда еліміздің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған бірқатар маңызды реформаларды жарияланды. 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум арқылы Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданып, 1 шілдеден бастап ресми түрде күшіне енді. Конституциялық өзгерістерге сәйкес, еліміздің бір палаталы жоғары заң шығарушы органы – Құрылтай құрылды. Мемлекет басшымыздың Жарлығымен жоғары консультативтік орган – Қазақстанның Халық Кеңесі құрылып, өз жұмысын бастады. Мемлекет басшымыз барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлыққа қол қойып, Орталық сайлау комиссиясы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауын 29 қарашаға белгіледі. Бұл жүргізіліп жатқан реформалардың барлығы саяси жаңғыру үдерісін жеделдетуге, сондай-ақ «Әділетті Қазақстан», «Қуатты Қазақстан» және «Таза Қазақстанды» құруға бағытталған реформалардың жаңа кезеңіне жол ашты. Президентіміздің, Үкіметтің және аймақ басшысының қолдауымен ауданымызда елдің игілігіне бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің құрылыс саласындағы әлеуетін арттырып, Қазақстанды ауқымды құрылыс алаңына айналдыру қажеттігін атап өтті. Осы мақсатта келесі жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялауды ұсынды. Президентіміздің реформалары мен Жолдаудан туындаған міндеттер аясында алдағы уақытта да аудан орталығы мен елді мекендерде әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандарының құрылысы мен жаңғырту жұмыстары кеңінен жүргізілетін болады. Бастысы елдің бірлігі мен ауызбіршілігі. Осы ретте елді мекен тұрғындарын елдік істерге бірлесе атсалысуға шақырдық.
Халықпен өткен кездесулерде жыл басынан бері ауданда әрбір салада атқарылған игі жұмыстарға кеңінен тоқталып, халыққа алдағы жүзеге асырылатын жоспарлардың жайын жеткіздік.Үш ауылда өткен кездесулер барысында тұрғындар ауылішілік жолдарды жөндеу, электр желілерін жаңғырту, балабақша салу, сондай-ақ мал суаруға қажетті жайылымдық жерлердегі бұлақ көздерін ашу мәселелерін көтерді.
Тұрғындардың әрбір ұсынысы мен өтінішін мұқият тыңдап, қойылған сұрақтарға нақты жауап бердік. Электр желілерін жаңғырту және жол жөндеу жұмыстары қаржылық мүмкіндіктерге қарай кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын атап өттік. Ал балабақша салуға ниетті жергілікті кәсіпкерлерге заң аясында жер бөлу және мемлекеттік қолдау көрсету мәселелері қарастырылатынын жеткіздік. Сонымен қатар ауыл әкімдеріне мал суаруға арналған жайылымдық жерлердегі бұлақ көздерін ашу бойынша нақты ұсыныстар әзірлеп, тиісті жұмыстарды ұйымдастыруды тапсырдық.
Кездесу қорытындысында тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің назардан тыс қалмайтынын айтып, олардың шешілуі бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткіздік. Өз кезегінде ауыл тұрғындары елді мекендердің дамуына бағытталған жұмыстарға қолдау білдіріп, алдағы жоспарлардың жүзеге асуына сәттілік тіледі. Елді мекендерде жеке мәселелері бойынша жүгінген тұрғындарды да қабылдап, мәселелерін тыңдадық.
Халықпен кездесулер алдағы уақытта өзге де елді мекендерде жалғасатын болады.






