Тоқаев: «Қазақстан цифрлық экономиканы міндетті түрде құруы керек»

97

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында цифрлық экономиканы қалыптастыру, заманауи технологияларды енгізу және елдің цифрлық инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне тоқталды. Президент цифрландыру нақты нәтижеге бағытталып, технологиялық шешімдердің тиімділігіне басымдық берілуі қажет екенін атап өтті.

«Қазақстан цифрлық экономиканы міндетті түрде құруы керек. Өз мүмкіндіктерімізді шынайы бағалай отырып, халқымыздың әл-ауқатын арттыру үшін жаңа технологиялардың барлық тиімді тұсын пайдалануымыз қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Digital Qazaqstan кешенді стратегиясын іске асыруға қажетті негізгі инфрақұрылымды қалыптастыру жұмыстары басталған. Қазірдің өзінде екі суперкомпьютер іске қосылған, ал жыл соңына дейін үшінші қуатты суперкомпьютерді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық магистраль тарту жұмыстары аяқталып, деректерді өңдеу орталықтарының құрылысы жүргізілуде.

Мемлекет басшысы бұл жұмыстар елді цифрлық трансформациялаудың бір бөлігі ғана екенін айтып, технологиялық дамуда нақты нәтижелерге қол жеткізу қажеттігін ескертті.

«Бірақ мойындау керек, әзірге бізде істен гөрі сөз көп. Нақты цифрландыру кейде қолданыстағы процестерді автоматтандырумен немесе түрлі іс-шаралар өткізумен алмастырылып жатады.

Цифрландыру іс жүзінде қандай пайда әкелетіні түсіндірілмей, қымбат бағдарламалық өнімдерді сатып алумен шектелмеуге тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Advertisements