Тоқаев: Шағын және орта бизнесті қолдау – ұлттық экономиканың дербестігін нығайту

103

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіпкерлерге тең мүмкіндік жасау және отандық өндірушілерді қорғау мәселелеріне тоқталды. Президент экономикалық құқықбұзушылықтарды одан әрі қылмыстық сипаттан арылту, әділ бәсекені қамтамасыз ету және бизнеске заңсыз кедергі келтіретін әрекеттерге тосқауыл қою қажеттігін атап өтті.

Президенттің айтуынша, қазіргі уақытта шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40 пайызға жеткен. Ал негізгі капиталға тартылған инвестициядағы үлесі 70 пайызға жуықтаған.

«Шағын бизнестің маңыздылығы бәрімізге белгілі, ол көптеген елде экономиканың қозғаушы күші саналады. Бүгінде бұл саладағы кәсіпкерлердің үштен бірінен астамы саудамен айналысады. Сол себепті шағын бизнес құрылымын әртараптандыруға баса мән беру қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Осы бағытта Үкіметке орта бизнесті дамыту жөніндегі арнайы жоспар әзірлеу міндеті жүктеліп отыр. Құжатта кәсіпорындарды ұзақ мерзімді қаржыландыру және технологиялық тұрғыдан жаңғырту тетіктері қамтылуға тиіс. Сондай-ақ орта бизнес өкілдерінің ірі кәсіпорындармен ынтымақтастығын нығайтып, өз өнімдерін өткізуіне жағдай жасау маңызды.

Мемлекет басшысы кәсіпкерлердің экономикалық баптар бойынша қылмыстық қудалауға ұшырауына қатысты өтініштер әлі де түсіп жатқанын атап өтті. Осыған байланысты экономикалық құқықбұзушылықтарды одан әрі қылмыстық сипаттан арылту шараларын қабылдау қажеттігін айтты.

Отандық өндірушілерге тең мүмкіндік берілуі керек

Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлерге, әсіресе шағын және орта бизнес өкілдеріне тең мүмкіндік беріп, әділ бәсекеге жол ашу қажеттігін баса айтты. Оның сөзінше, кейбір жағдайда бұл талап сақталмай отыр.

Атап айтқанда, азық-түлік саласындағы отандық өндірушілер бірқатар қиындыққа тап болуда. Кейбір жағдайларда импорттық тауарлардың құны жасанды түрде төмендетіліп, қазақстандық өнімдердің ішкі нарыққа шығуына кедергілер жасалады.

«Шынын айтқанда, бұл – жемқорлық. Сондықтан осындай қитұрқы әрекеттерді тоқтату керек», – деді Президент.

Мемлекет басшысы мұндай әрекеттер отандық компаниялар мен тауарлардың бәсекеге қабілетін әлсірететінін атап өтті. Оның айтуынша, заңсыз кедергілерге қатаң тосқауыл қойылмаса, бұл ел экономикасына зиян келтіреді.

«Басқаша айтсақ, бизнесті қорғау – ұлттық экономиканың дербестігін нығайту деген сөз. Ал бизнеске қолдан заңсыз тосқауыл жасау, бұл – мемлекетке қарсы жасалған қылмыс деп айтсақ артық болмас», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін жетілдіру қажеттігін де атап өтті. Бұл жұмысты сауда бірлестіктері аясында жүргізуге болатынын айтты.

Advertisements