Президент: Қазақстан Еуразияның жетекші логистикалық орталығына айналуы керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту, халықаралық жүк тасымалындағы елдің рөлін күшейту және жаңа көлік дәліздерін қалыптастыру мәселелеріне тоқталды.
«Логистика инфрақұрылымын дамытуға баса мән беру қажет. Бұл – еліміздің өсіп-өркендеуіне ықпал ететін маңызды фактордың бірі.
Қазіргі таңда логистика мәселесімен барлық елдер айналысуда. Дамыған көлік логистикасы болмаса, тіпті бүгінгі күшті ел ертең құрдымға кетеді.
Келесі жылы елімізде «Бақты – Аягөз» теміржол желісі іске қосылады. Жаңа бағыттың арқасында Қытаймен арадағы жүк өткізу мүмкіндігі 20 миллион тоннаға артады.
Тамыз айында «Арал – Каспий» күре жолының құрылысы басталды. Бұл жоба Транскаспий дәлізінің қашықтығын шамамен 1 мың шақырымға қысқартып, жүк жеткізу мерзімін үш күнге дейін азайтады.
Үкімет осы салада қолға алынған барлық жобаның сапалы әрі уақтылы орындалуын қатаң бақылауға алады.
Әлемдік логистика ауқымды өзгерістер мен жедел даму кезеңіне аяқ басты. Теңіз жолдарының осалдығы құрлықтағы көлік дәліздерінің стратегиялық маңызын арттырды.
Қазақстан осы тарихи мүмкіндікті пайдаланып, Еуразияның жетекші логистикалық орталығына айналуы керек. Қазірдің өзінде Қытайдан Еуропа құрлығына бағытталған жүк тасымалының шамамен 85 пайызы еліміздің аумағы арқылы өтеді.
Алайда қазіргі қолайлы жағдайға қанағаттану болашақта өзгелердің соңынан ерумен тең. Сондықтан халықаралық жүк ағындарын толыққанды ұйымдастыруға көшу қажет.
Отандық логистикалық операторларды дамытуға, жүктерді шоғырландыру және тарату орталықтарын құруға ерекше назар аудару керек. Сонымен қатар көлік тораптарының айналасында жаңа өндіріс орындары мен сауда алаңдарын қалыптастыру маңызды», – деді Мемлекет басшысы.
фото:atp-logistics.kz







