Аралдық өнерпаздар мемлекеттік марапаттар мен “Тұран” сыйлығын иеленді

Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында облыс орталығында өткен салтанатты жиында бірқатар аралдық жерлестеріміз жоғары мемлекеттік және салалық марапаттарға ие болды.
Марапаттау рәсімінде Арал аудандық мәдениет орталығының қоюшы-суретшісі Берік Бөкешов пен Арал аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Жанар Әлішева «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін иеленіп, саладағы көпжылдық еңбектері мен кәсіби жетістіктері үшін лайықты бағасын алды.
Сонымен қатар, өңірдің мәдениет, әдебиет және өнер саласындағы үздік өкілдеріне жыл сайын табысталатын дәстүрлі «Тұран» сыйлығы да бірқатар жерлестерімізге бұйырды. Атап айтқанда, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі Оңталап Базарәлиев, Еркін Әбілов, Ерғали Абдулла, Қызылорда облыстық филармониясының дәстүрлі орындаушылар ұжымының әртісі Шолпан Биімбетова, аудандық мәдениет үйінің дыбыс инженері Нартай Қайырлапов және А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Ұлықбек Тәңірбергенов аталған беделді сыйлықтың иегерлері атанды.
Сондай-ақ Абай ауылдық клубының директоры Асылхан Есжанов Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің Алғыс хатымен марапатталды.
Бұл марапаттар – «Сыр елі – жыр елі» деген рухани дәстүрді жалғастырып, өңір мәдениетінің дамуына үлес қосып жүрген өнер майталмандарының көпжылдық еңбегіне берілген жоғары баға. Жерлестеріміздің жетістігі – ауданның мәдени әлеуетінің артып, рухани өмірдің жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын айғақтайды.







