Қазалыда жасөспірімдер қауіпсіздігіне байланысты күшейтілген түнгі рейд ұйымдастырылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп – қоғамдық тұрақтылықтың басты кепілі» деген қағидасына сәйкес, Қазалы ауданында қоғамдық тәртіпті сақтау, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күшейтілген түнгі рейд жұмыстары ұйымдастырылды.
Оқу жылының аяқталуына орай өткізілген ауқымды рейдтік шараға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов арнайы қатысып, рейд барысын бақылауға алды. Аудан басшысы рейдтік топтардың бірлескен жұмыс жүргізуінің маңыздылығын атап өтіп, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы шараларды күшейтуді тапсырды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғам дамуының басты бағыты ретінде айқындап берді. Сондықтан жастар тәрбиесі мен жасөспірімдер қауіпсіздігіне бейжай қарауға болмайды. Әсіресе оқу жылы аяқталған кезеңде балалардың беймезгіл уақытта қараусыз жүруінің алдын алып, ата-аналармен, білім беру ұйымдарымен және құқық қорғау органдарымен бірлесе жұмыс жүргізуіміз қажет. Бұл – баршамызға ортақ міндет, – деді аудан әкімі.
Күшейтілген рейдке аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрлан Ибраев, аудан прокурорының орынбасары Биқожа Жұмаш, аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов, учаскелік полиция инспекторлары, білім беру ұйымдарының өкілдері мен мектеп директорлары қатысты.
Рейд барысында аудан аумағындағы ойын-сауық орындары, мейрамханалар мен кафелер тексеріліп, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүруіне болмайтындығы түсіндірілді.
Сонымен қатар құқық бұзушылық деректерінің алдын алу мақсатында профилактикалық шаралар жүргізіліп, ата-аналарға ескертулер берілді. Кәсіпкерлік нысан иелеріне де заң талаптары кеңінен түсіндірілді.
Жастар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы рейдтік жұмыстар аудан орталығы мен ауылдық округтерде тұрақты түрде жалғасуда.






