“Таза Қазақстан”: Экологиялық акция аясында көшеттер егілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бастамалары аясында жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық акциясы ел көлемінде қоршаған ортаны қорғау мен елді мекендерді көгалдандыруға серпін беріп келеді.
Осы игі бастама шеңберінде бүгін Арал ауданында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылып, оған аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев, ардагерлер, аудандық мәслихат депутаттары, көше комитеттерінің төрағалары, мекеме және кәсіпорын басшылары, сондай-ақ тазалық саласының қызметкерлері белсене қатысты.
Шара барысында қатысушылар қаланың кіреберісіндегі жасыл белдеуге арнайы жиналып, табиғатты аялау мен туған жерді көркейту мақсатында тал егу жұмыстарына атсалысты. Экологиялық акция аясында барлығы 30 түп қара тал отырғызылып, Арал қаласының жасыл аймағын кеңейтуге үлес қосылды.
Жиналғандар бұл бастама тек көгалдандыру шарасы ғана емес, сонымен бірге экологиялық жауапкершілікті арттырып, қоғамда тазалық пен табиғатқа жанашырлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті.
Осылайша туған жерді жасыл желекке айналдыруға бағытталған игі іс ел бірлігі мен ортақ жауапкершіліктің жарқын көрінісіне айналды.







